Ұлттық-ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса, пенделігі тек өзін емес, қоғамын да алдаса, ондай ақынның да, ғалымның да, саясаткердің де мазмұн-даңқы далбаса! Бұл — ақиқаттың алдаспаны, шыншыл ақын Мұхтар Шахановтың айтқаны ғана емес, азаматтық ұстанымы да еді. Қазақ руханияты тағы бір асылынан айырылды. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов мәңгілік мекеніне аттанды.
Қабырғалы ақын жігері құм болғандарды дәл осылай қайрады. Әр шумағынан ұлттық намыстың лебі есіп, еңсесі түскен жанға рух беретін ерекше қуат сезілетін. Қаламгердің қадау-қадау шығармалары азаматтық ұстаныммен ұштасып жатты. Көзін көрген, қоян-қолтық араласқан ізбасарлары Шахановты елдік пен ерліктің үнін жеткізген қайраткер, әділеттің сөзін сөйлеген күрескер деп таниды. Тағзым етеді.
ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, АҚЫН:
Алғашқы жинақтарынан бастап елді елең еткізді. Ешкімге ұқсамайтын лиро-философиялық ойларымен, фольклор мен аңыз-әпсаналарды өзінше өріп, тың тұжырым жасады. Оның балладалары — үлкен жүк көтерген туындылар.
Мұхтар Шахановтың өлеңі — ұран, өмірі — күрес. Ол ұлттың ұлы мұраты жолында тайсалмады. Кеңес Одағының қаһарлы кезеңінде де қаймықпай, Мәскеудегі мінберден Желтоқсан көтерілісін бұрмалатпай, тарихи әділеттіліктің орнауына өлшеусіз үлес қосты.
МҰХТАР ШАХАНОВ, АҚЫН:
В этом постановлении событие названо проявлением казахского национализма. Можно обвинять 5 тысяч людей, 10 тысяч людей и 100. Но нельзя же обвинять весь казахский народ. Слово «национализм» — это обвинение всему казахскому народу. Поэтому мы просим снять с народа необоснованные обвинения.
Адуынды ақын Тәуелсіздік жылдарында да қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер, тіл тағдырына бейжай қараған жоқ. Осылай өз биігінде қалықтады. Ой ордасы Отырарда кіндік қаны тамған қаламгердің бойындағы асқақ рух тумысынан дарыған.
ҚАЗЫБЕК ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, АҚЫН:
Оның қайраткерлігі бір төбе, қаламгерлігі бір төбе, ақындығы бір төбе, батырлығы бір төбе. Батыр ақын болуы керек деген тұжырымды Махамбеттен кейін дәлелдеген — осы Мұхтар Шаханов. Біз оның өлеңдерін жаттап өскен ұрпақпыз.
Ақынның астарлы жырлары достықтың қадірін ұқтырды, махаббаттың құдіретін сездірді. Өлең әлеміне әкелген өрнегі қазақтың ән қоржынына құнды мұра болып құйылды. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов ақынның «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Бақыт құшағында», «Туған күн кешінде» секілді 10-нан аса өлеңіне ән жазды. Бұдан бөлек, Әсет Бейсеуовтың «Мұңайма», «Армандастар», Марат Омаровтың «Жұбайлар жыры» әндері де ел жадында сақталған.
ЕРЛАН РЫСҚАЛИ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:
Махаббатты ол екі адамның санасының биігінде тоғысқан сезім деп түсіндіреді. Мұны «Жұбайлар жырында» терең ашқан. Оның кез келген өлеңі қазақтың болмысын дәл бейнелейді.
Мұхтар Шахановтың тұлғасы мен қайраткерлігі қоғамда лайық бағасын алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ақынға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстаған болатын. Біртуар тұлғаның қазасы қалың жұрттың қабырғасын қайыстырды. Мемлекет басшысы да оның отбасы мен жақын-жуығына көңіл айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан тұғырлы тұлға еді. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.
Ақынның қазасына қырғыз жұрты да қайғырып, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров көңіл айтты. Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Оның мұрасы — мәңгі.