Перейти к содержимому
· 14 просмотров

Тастүнектегі ауыл жұртының жанайқайы

Ақтөбеде бір елді мекен бар. Тұрғындары жолға шыққан сайын жанын шүберекке түйіп отырады. Әсіресе ымырт үйіріле үрей күшейеді. Тақтайдай тегіс жолда жұртты шошытқан не мәселе?

Тастүнекте келе жатқан көлік. Құдды бір хоррордағы көріністей. Бірақ бұл ешқандай кинокадр емес, кәдімгі Ақтөбе–Родниковка–Мәртөк тас жолы. Жол бойында Ақшат 2, Ақшат 3 елді мекендері бар. Сол жердің тұрғындары бұл мәселені біраздан бері көтеріп келеді.

ҚАМБАР ЗҰЛҚАРНАЕВ, АҚШАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Авария да көп. Осы жылқы соғылып… екі-үш жыл бұрын да жылқы соғылды. Қараңғыда жолаушыны екінші машина келіп қағып кеткен жағдайлар болды. Жарық жүргізіп берсе, басқа ештеңе керегі жоқ.

Ақшат-3-тің өзінде төрт жүзге тарта түтін бар. Облыстық маңызы бар жол ауылдың іргесінен өтіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, елді мекен маңында бірнеше қожалық бар. Ірі қара Бұтақ өзенінен су ішуге бара жатып жолды кесіп өтеді. Әсіресе іңір түскенде оларды байқау қиын.

ГҮЛАЙЫМ ЕРАЛЫ, АҚШАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күні кеше сондай жағдай болды. Жылқыны түйіп, қаншама көлік шығынға ұшырап жатыр. Бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Айналдырған 6–7 шақырым жерді жарықтандыру – дамыған мемлекет үшін қиын емес. Біз үнемі үрейде отырамыз.

Нұрбектің Ақшатта тұрып жатқанына алты жылға жуықтаған. Жолда келе жатып, көлігіне жылқы соғылып, шығынға батқан. Жануардың иесін таба алмаған.

НҰРБЕК МҰХТАРОВ, АҚШАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде қаншама жол-көлік оқиғасы болды. Өзім де соның біріне түстім. Жылқы көлігімнің алдыңғы бамперін сындырды. Барлық шығынды өзім өтедім. Иелері табылмайды.

Ауыл тұрғындары мәселенің бір ғана шешімі бар дейді. Ұзындығы 5–6 шақырым болатын жолға жарық шамдарын орнатуды сұрайды.

ЕСЕТ АМАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Полиция департаментімен, техникалық қадағалау қызметімен бірлесіп, мәселені толық зерделейміз. Жарықтандыру – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды фактор. Бұрын бұл жол салынғанда қала аумағы болмаған, сондықтан жарық қарастырылмаған.

Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк жолына 2023 жылы орташа жөндеу жүргізілген. Ұзындығы 88 шақырым трассаның асфальты жаңартылды. Енді жарық шамдарын орнату мәселесі жауапты мекемелермен бірлесіп қаралады.

Ақбаян Сұлтанмұратова

← Все новости