Англияға барып, таудай табыс табамыз деген бір топ жамбылдық жер сипап қалды. Кредит алып, алаяқтың қолына 5 миллионнан астам қаражат ұстатқан азаматтар қазір қос қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Құзырлы органдарға сан мәрте жүгінсе де, ісімізді дұрыс қарамай жатыр, – дейді ашынған тұрғындар. Тіпті күдіктіні қолдап, қашырып жіберген болуы мүмкін деп отыр.
Орталық саябақта БАҚ өкілдеріне базынасын айтқан Тараз тұрғындары төзіміміз таусылды дейді. Олар былтыр жазда Англияға жұмысқа барып, саңырауқұлақ теруі керек болған. Алайда астаналық азаматшаның құрығына түсіп, 10 шақты адам жиған-тергенінен әп-сәтте айырылған. Шетел асып, қомақты табыс табамыз деген мақсаттары енді жәй ғана арман болып қалды.
НҰРҒИСА ИБРАГИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазір туған-туысқандардың барлығына жексұрын болдық. Алаяқ біз болып тұрмыз. Ал алаяқтың өзі шын мәнінде қашып жүр. Ағамыз екеуміз ТЖД-де, Шу қаласында жұмыс істейтінбіз. Жұмысымыздан шығып, сегіз ай бойы департаментке барып жүрміз. Сегіз айдан бері жұмыссызбын.
Әлгі адамның Англия туралы жарнамасы жерді де, желіні де жарған соң жұрт имандай сенген. Заңды деп айтқан құжатын көріп, соңғы тиындарын санап берген. Сан соғып қалғанын түсінген тұрғындар бұл күнде шетел үшін алған кредиттерін зорға төлеп жүр.
НҰРҒАЛИ ТҰРҒАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бала-шағаның аузынан жырып берген тиынымызға жете алмай қалдық. Енді Англия да, ақша да жоқ. Кредит алып, енді сол кредитті жай ғана төлеп жатырмыз.
Алаяқтың арбауына түстік деген тұрғындар полиция департаментіне барып, наразылық білдірген. Оған себеп – құзырлылар күдіктіні қолдан шығарып алды деген күдік. Айтуларынша, арыз түсіргеннен кейін түрлі дәлелдер мен мекенжайын көрсетсе де, полицейлер немқұрайлық танытқан. Сол уақыт аралығында күдікті баспанасын сатып, шетелге қашып кеткен.
НҰРҒИСА ИБРАГИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Олар 23-і күні барса, күдікті 17-сі күні қыркүйекте Алматы–Тбилиси бағытына ұшып кеткен. Сегіз ай бойы сол жақта жүрген. Қазір анықталып отыр, Грузияда емес, басқа мемлекетке кеткен. Қолдан қашырып отыр.
Полиция департаменті аталған азаматшаға қатысты халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Күдікті ұсталғанша тергеу жалғасады. Әзірге оның нақты қайда жүргені белгісіз. Соңғы ақпарат бойынша, ол Грузиядан Сербияға кеткен.
ВАЛИХАН АҒЫБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Оған қатысты халықаралық іздеу жарияланды. Жедел-іздестіру шаралары кешенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдіктіні ұстауға барлық шаралар қабылданып жатыр.
Ақырғы ақшасынан айырылған жұрт күдіктінің тезірек ұсталып, жазаланғанын қалайды.
Дәурен Доғыдырбай