Жетісу облысында 17 жыл бойы бір шаруашылықтың тізгінін ұстаған бақташы қожайынын 46 млн теңгеге тақырға отырғызған. Осынша уақыт мал емес, қолайлы сәтті баққан «сенімді серігінің» бұл қиянаты иесінің үш ұйықтаса түсіне кірмеген.
Ескелді ауданының тұрғыны жайылымнан асыл тұқымды 39 ірі қарасының жоғалғанын байқап, полицияға шағымданған. Органдар істің мән-жайын зерттей келе, ұрының алыстан келмегенін анықтаған. Түйені түгімен жұтпақ болған – отбасының бір мүшесіндей болып кеткен 45 жастағы жұмысшы екен.
Алайда бақташының арам ойы іске аспады. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түсіп, қамауға алынды. Ал жалпы құны 46 миллион теңгенің малы түгел табылып, иесіне қайтарылды.
Үсен Астана