Перейти к содержимому
· 2 просмотра

Сексеуіл Аралды құтқара ала ма?

Елордада өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммитте Аралдың тағдыры талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келгенін айтты. Жаһан жұртшылығын алаңдатқан теңіздің қазіргі жай-күйін арна тілшісі Рамазан Палмағанбет өз көзімен көріп қайтты.

Жүздеген шақырымға созылған тартылған теңіз ұлтанында осы күнге дейін миллиондаған түп сексеуіл егілген. Ащы тұз бен көкке ұшқан құмға тосқауыл болатын өсімдіктің көшеттері арнайы тұқымбақта өсіріледі.

Бір кездері толқыны тулап, шағаласы шулап, кемелер тынбай жүзген айдын бүгінде сортаңға айналған. Көкке көтерілген теңіздің ащы тұзы мен құм аралас тозаңы көңіл құлазытады. Жер-ананың жарасын жасыл желекпен емдеу үшін бес жыл бұрын теңіз ұлтанында сексеуіл егу басталған. Бұрын көшеттер жақын маңдағы елді мекендерден алынатын. Ал 2024 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазалыда 33 гектардан асатын тұқымбақ ашылды. Екі жыл бапталған 3 миллион түп сексеуіл биыл Арал ұлтанында отырғызылмақ.

КЕНЖЕБЕК ОРАЗАЛИЕВ, ЖҰМЫСШЫ:

Техниканың көлемі 50 см болу керек. Одан кем болса, көшеттің тамырына зақым келеді. Соған байланысты 50 см қойып, сонымен тартып жұмыс істеп жатырмыз. Тамырына зақым тигізбей алуға тырысамыз.

Мамандардың айтуынша, екі жыл бойы мәпелеп өсірілген тұқымды сұрыптау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

СЕРІК ӘЙМІШ, «ҚАЗАЛЫ ОРМАН ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ұялы, Сарбұлақ орманшылығынан терілген тұқымдар тазартылғаннан кейін 716 кг таза тұқым болады. Сол тұқым себіледі.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Мамандар айтқан сексеуілдің бүрін көрсету үшін дарақты сексеуілді таптық. Көріп тұрғандарыңыз – былтырғыдан қалған бүр. Осы тұқымнан жаңа көшеттер өсіріледі.

Сексеуіл шөлге төзімді болғанымен, ерекше күтімді қажет етеді. Тұқымбақта заманауи суару жүйесі қолданылуда.

ЕРЖАН ТОҚТАМҰРАТ, ТҰҚЫМБАҚ БРИГАДИРІ:

Тамшылатып суару кезінде сағатына шамамен 1,5 литр су жұмсалады. Суды каналдан алып, арнайы бассейнде жылытып, көшеттерге жеткіземіз.

Биылғы көктемнің жылы болуы бағбандарды қуантқан. Былтыр күзде себілген тұқымдар әдеттегіден ерте көктеп, өсіп келе жатыр.

БЕРДІБЕК КЕНЖАЛИЕВ, ТҰҚЫМБАҚ ШЕБЕРІ:

Биыл сексеуіл 20 күнге ерте көктеді. Бұл өсімдікке көп су қажет емес, жылына 3–4 рет суарылады.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Аралдың ащы тұзы мен желіне төтеп беру үшін сексеуілмен қатар қарабарақ та егілген. Екі жыл бұрын отырғызылған өсімдіктер бүгінде бүршік ата бастаған.

Шексіз теңіз ұлтанында өсіп келе жатқан сексеуілдердің жай-күйін көзбен көрдік. Бастапқыда әлсіз көрінген көшеттер уақыт өте келе құмды бекітіп, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге үлес қосады деген сенім бар.

Рамазан Палмағанбет

← Все новости