Перейти к содержимому
· 4 просмотра

Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты орындалды

Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты орындалды. Халық жазушысы, айбарлы ақын туған жері Түркістан облысының Отырар ауданында жерленді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салып, қоштасуға еліміздің әр қиырынан зиялы қауым өкілдері, шығармаларын қадір тұтқан оқырмандары, әкім-қаралар мен депутаттар арнайы келді.

Денесі кіндік қаны тамған «Жаңа Шілік» ауылында өзіне арнап салынған шығармашылық үйден шығарылды. Жаназаға мыңнан аса адам қатысты. Жиналғандар Арал үшін арпалысып, Желтоқсан деп шырылдаған, тіл деп тебіренген, ұлттық мүддеге келгенде бүгіп қалмай, алмас қылыштай жарқылдаған тұлғаның адами қасиеттері мен азаматтық ұстанымы жайлы ой толғады.

КЕРІМЖАН СЕЙІТЖАНОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

1986 жылы қазақ жастарына жасалған озбырлықты, күрекпен жасалған зорлық-зомбылықты кеңес одағы жоғарғы кеңесінің бірінші съезінде бүкіл әлемге жария етіп, соны айыптады.

Халқы ерекше құрметтеген дара тұлға Арыстан баб кесенесінің маңындағы Қоғам ауылының зиратында мәңгілікке тыныс тапты. Бұл қорымда осы өлкенің перзенттері – сатира саңлағы Көпен Әмірбек пен академик Өмірзақ Айтбайұлының да сүйегі жатыр.

ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Өлім жоқ, өмірі ұзақ ақын. Ол ендігі жерде жер ананың құшағында емес, ел ананың құшағында, ел ананың махаббатына бөленіп жасай береді деп ойлаймын. Жатқан жері жай болсын, топырағы торқа болсын.

Ғалымжан Кенжебек

← Все новости