Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Ата мен әже баратын балабақша

«Ерте, ерте, ертеде…» деп басталатын ертегінің өзі «ерте» заманның балаларының ғана есінде қалып бара жатқандай. Кішкентайлардың қиялын дамытып, жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйрететін әдебиеттің осы бір жанрын ақтөбелік педагогтар балалардың бойына сіңірудің жаңаша тәсілін ұсынды. Ата-әжелер ұйықтар алдында балабақшаға келіп, немерелеріне ертегі оқып беріп жүр.

Үш жастағы Сезім «Бауырсақ» ертегісін мүдірмей айтып берді. «Құлагер» балабақшасына баратындар өз жасына сай келетін біраз ертегіні біледі екен. Балалар «Мақта қыз бен мысық», «Жеті лақ» ертегілерін айтып беруге асықты. Ақтөбенің мектепке дейінгі ұйымдары «Сырлы әлемге саяхат» деген жаңа жобаны қолға алған. Балалар тынығатын уақыт таяғанда ата-ана, ата-әже келіп ертегі оқып береді.

БАУЫРЖАН ЖАРЫЛҒАСЫНОВ, АТА-АНА:

Біздер енді өзіміз үйде кейде балаларымызға әңгіме айтамыз, жеті ата туралы айтамыз. Сосын мына ертегілерді оқып береміз.

Ата-аналарға ұсыныс айтылғанда құптағандардың бірі — Дархан апай. Ертегінің баланың ой-өрісіне, сөздік қорының қалыптасуына қаншалықты ықпал ететінін 40 жыл ұстаздық еткен қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімінен артық ешкім білмейді.

ДАРХАН ҚОСАМАНҚЫЗЫ, АТА-АНА:

Жаңылтпаштар көп айтылатын еді. Қазір соған көп мән берілмейді. Мақал-мәтелдерді, ертегіні көп айту керек. Қазіргі жастар ертегі айтпайды. Уақыты жоқ, жұмыспен жүреді. Сондықтан көбіне мұндай жұмысты әжелер атқарамыз. Бірақ бәрінде бірдей әже жоқ.

Ата-әже, ата-ана келмесе, балабақшаларда ертегі айтылмайды деген сөз емес. Тәрбие мекемесінде бағдарламаға сай тәрбиешілер ертегіні оқып қана қоймай, оны сахналап көрсетеді. Әрі шығарма баланың жас ерекшелігіне қарай таңдалады.

АСИЛА ҚАЗАҚОВА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:

Батырларымызды — Алпамыс батыр, Қобыланды батырды дәріптеу мақсатында да сондай ертегілерді осы жобаға енгізіп жатырмыз. Балаларға батырларымыздың болғанын айту.

«Сырлы әлемге саяхат» бір реттік жоба емес. Білім бөліміндегілер бұл бастама қаладағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қатысуымен жүзеге асырылатынын айтты.

Ақбаян Сұлтанмұратова

← Все новости