Көрші тату болса – көптің бағы деген. Бас қалада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері басталды. Былтыр Мәскеуде қазақ өнері мен ұлттық құндылықтарымыз насихатталса, биыл теріскейдегі таланттар біздің елге табан тіреді. Бұл Қазақстан мен Ресей тек экономикалық я саяси серіктес қана емес, рухани тұрғыда да дос екенін көрсетеді, дейді көрші елден келген меймандар.
Мәдениет пен өнер ұштасқан екі ел — Ресей мен Қазақстан. Былтыр Мәскеуде қазақ өнері ұлықталса, биыл теріскейдегі таланттар елімізге келді.
АНДРЕЙ МАЛЫШЕВ, РФ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мен бірінші кезекте сіздерге біздің мәдениет министрі жолдаған ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Ол екі ел арасындағы мәдениет пен өнердің дамуына ерекше мән береді. Бізді әрдайым жылы қарсы аласыздар. Көп рахмет.
Елімізде «Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күні» басталды. Қос елдің салаға жауапты басшылары бас қосып, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
ДАМИР НАТФУЛЛИН, ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Татарлар қазақ жеріне бірнеше ғасыр бұрын табан тіреді. Алғашқы легі сонау XVI ғасырда көшіп келген. Бүгінгі таңда Қазақстанда 200 мың татар тұрады. Біздің елдің көп азаматы өзінің шығармашылық жолын дәл осы жерден бастаған.
Иә, мәдениет пен өнерде шекара жоқ. Осындай шаралар осы байланысты одан әрі нығайтып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізіліп жатыр. Кездесуде жас композиторлардың тәжірибе алмасуы, джаз музыкасын дамыту, концерттік турлар бойынша байланысты күшейту, хореография саласында бірлескен жобалар жасау, тағылымдамалар, шеберлік сабақтар және қос диплом бағдарламаларын енгізу мәселелері қаралды.
БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біз бүгін бірнеше меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы ғылыми жобалар, конференциялар, көрмелерді бірлесіп ұйымдастырамыз. Жалпы мұражай ашылғалы мұндай іс-шаралар бізде жиі өткізіледі.
Екі елдің музей қызметкерлері де жиі тәжірибе алмасып отырады. Бүгінгі жиын барысында бірнеше келісімге қол қойылды. Соның ішінде Қазақстандағы Ұлттық музей мен Ресейдегі этнографиялық музей бірлесіп, 2027 жылдың күзіне қарай түрлі көрмелер өткізетін болды.
ЮЛИЯ КУПИНА, РЕСЕЙ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Менің ойымша, біздің серіктестіктің маңызы айрықша. Адамдар тек өзі тұратын мемлекет жайлы емес, көрші елдер жайлы да ақпарат білгісі келеді. Осы жиын соңында меморандум барысын жақсылап талқылаймыз деп ойлаймын.
Сондай-ақ алдағы уақытта «Роскино» мен «Қазақфильмнің» бірлескен жобасын көруіміз әбден мүмкін. Қос тарап та «Уақыт» фильмі бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайын екендерін жеткізді. Түсірілім Қазақстан мен Ресей аумағында өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар көрші елдің мемлекеттік киноқорында сақталған қазақ киносының құнды мұрасын цифрландыру жұмыстары да жүргізіледі.
Нұрай Құрақбай