Бас қаланың төрінде ұлттық өнердің мәртебесін өсіріп, ел бірлігін жырға қосатын ерекше дода өтіп жатыр. Түрлі этнос өкілдері қара домбыраны қолына ұстап, айтыс аламанына шықты.
Мәдени іс-шараның өтуіне Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мұрындық болған. Сайыста сайдың тасындай іріктелген 12 ұлттың өкілі бақ сынауда. Олар сөз жарыстырып қана қоймай, ұлтаралық татулықты, рухани құндылықтарды насихаттайды.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН:
Әрине, олардың барлығы ақын болып кетуі міндет емес. Бірақ «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын мықтылар осы этнос өкілдерінің арасынан жарқырап шығады деп ойлаймыз. Сондықтан этнос өкілдері еліміздің бірлігін, татулығын, бүгінгі күндегі нағыз көкейкесті мәселелердің барлығын тілге тиек етеді деп ойлаймын.
Бір қызығы, қатысушыларға айтыстағы аты дардай ақындар тәлімгерлік етіп, баптап бәйгеге қосқан. Солардың бірі – ұйғыр баласы Дильшат Юсупов. Бағзыдан келе жатқан байтақ өнерге мектеп жасынан қанығып өскен. Араға 20 жыл салып сахнаға қайта оралыпты.
ДИЛЬШАТ ЮСУПОВ, ҚАТЫСУШЫ:
Бізге осы айтысқа қатысып, осындай сахнаға шығып тұрғанымыздың өзі үлкен бір дәреже, үлкен бір мақтаныш болып тұр. Сонша жылдан кейін, осынша уақыт салып араға қайтадан осы айтыс сахнасына шыққанымыз үлкен бір қуаныш. Әрбір мейрамда айтыс өтуі тиіс деп ойлаймын өзім.
Бердібек Қарынбай