Атыраудағы қанды қылмыс жайлы жаңа дерек шықты. Бір әулеттің мүшелерінің нақты қашан өлтірілгені белгілі болды.
Облыстық прокуратураның мәліметіне сәйкес, басты күдікті, әулеттің бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев балдызы Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өлтірген. Ал қайын атасы мен қайын енесін және олардың қызын қарашада жайратып салған.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысты күдікті жалғыз өзі жасаған. Сот-психиатриялық сараптама оның есі дұрыс екенін көрсеткен.
АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ:
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушілердің денесінде 6 және одан да көп еніп-тесілген жарақаттар анықталған. Күдіктінің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жайлар толық анықталып, сараптамалар нәтижелері алынғаннан кейін беріледі. Сонымен қатар жәбірленушілердің малын өткізу және мүлкін иемдену фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 188 және 190-баптарымен жеке қылмыстық істер тіркелген.
Еске салайын, 2025 жылдың желтоқсанында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі жоғалған еді. Ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіті өз үйлеріндегі сарайдан табылған. Күдікті оларды өлтіріп, денелерін көміп, үстіне диван қойған.
Ал олардың ұлы мен қызының мәйіттері кейін күдікті жалдап тұрған үйдің ауласынан табылды. Шетелде бой тасалаған күдікті – марқұмдардың күйеу баласы наурыз айында Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, елге жеткізілді.
Бердібек Қарынбай