Алдағы екі күнде кинотеатрларда тегін кино көруге мүмкіндік бар. Бас қалада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында ресейлік кино фестивалі басталды. «Роскиноның» бас директоры Эльза Антонованың айтуынша, мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы мәдени диалогты нығайтып, көрерменге өзге халықтың шығармашылығымен жақын танысуға жол ашады. Қазақстан бұл фестивальдер картасында ерекше орын алатынын да атап өтті.
ЭЛЬЗА АНТОНОВА:
Ресейде соңғы шыққан ең үздік 7 фильмді алып келдік. Кейбірі Қазақстанда әлі прокатқа шықпаған. Бұл кинолар көрерменге ұнайды деп сенемін. Айта кетейін, Ресейде де қазақ киноларына қызығушылық жоғары.
Фестиваль осы аптаның соңына дейін жалғасады. Қала тұрғындары қалаған уақытта келіп, фильмдерді тегін көре алады. Алғашқы болып көрерменге «Олимпте алғашқысы» атты спорттық драма ұсынылды. Фильм академиялық есу спортының шебері Юрий Тюкаловтың өмірі негізінде түсірілген.
АНТОН САВВАТИМОВ:
Бұл фильм спортшыларға, бапкерлерге және жалпы көрерменге мотивация беруді мақсат етеді. Арманнан бас тартпай, қиындықтарды еңсеруді көрсетеді.
Алдағы күндері тағы 6 фильм ұсынылады. Сонымен қатар фестиваль аясында шығармашылық кездесулер мен студенттерге арналған шеберлік сабақтар өтеді.
Нұрай Құрақбай