Перейти к содержимому
· 18 просмотров

Таяу Шығыстағы шиеленіс

Мұнай нарығының бүгініне тікелей әсер ететін Ормуз бұғазы кімнің бақылауында? Таяу Шығыстағы тынышы кеткен стратегиялық аймаққа қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп араға көп уақыт салмай мәлімдеме жасап үлгерді. Ақ үй басшысы бұғазды бақылауға алдық, мина қоймақ болғандардың көзін жоямыз деп бұлқан-талқан. Айларға жалғасқан бұл арпалыс әлем экономикасын әлсіретіп барады. «Қара алтын» төңірегіндегі қарқынды тартыс бірқатар елдің есін алды. Керосиннен пластикке дейін қымбаттап, ірі компаниялар қолы байлаулы күйде іркіліп отыр.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын «толық бақылауға» алғанын мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуынша, Иран мәмілеге келмейінше, стратегиялық су жолы «құлыптаулы» болады. Трамп АҚШ Әскери-теңіз күштеріне бұғазға мина қоймақ болған кез келген кемені «көзін жоюға» бұйрық бергенін хабарлады. Вашингтонда тілшілерді жинап алып, біраз көсілген саясаткер, бәрі бақылауда, бәрі жоспар бойынша келе жатыр деп кезекті рет уәде берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз олардың әскерін талқандадық. Алға қойған мақсаттарымыздың шамамен 75 пайызына қол жеткіздік. Олар бейбітшілік сұраған соң, сәл ертерек тоқтадық. Қазір біз орнатқан блокада жүз пайыз тиімді жұмыс істеп тұр. Олар ешқандай табыс тауып отырған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, экономикалық және қаржылық жағдайы мүшкіл. Блокаданың кесірінен олар ештеңе сатып ала алмайды. Сондықтан мәмілеге келгісі келеді.

ТАЯУ ШЫҒЫС

Ресми Тегеран бұған жауап ретінде АҚШ пен оның одақтастарына қарсы соққы жасаудың арнайы тізімін бекітті. Егер Иранның энергетикалық нысандарына шабуыл жасалса, олар жаһандық мұнай өндірісін тәулігіне 25 миллион баррельге азайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ Иран тарапы Баб-әл-Мандеб бұғазын жауып, АҚШ-тың аймақтағы әскери базалары мен авиатасымалдағыштарына зымыранмен соққы жасауға дайын екенін ескертті. Бұл онсыз да тар бұғаздағы жағдайды одан сайын шиеленістіріп жіберді. Жанын шүберекке түйіп отырған компаниялар енді бір үзіліп, бір жанданып тұрған сауданың сәні де, мәні де кетті деп отыр.

АЛЕКСИС ЭЛЛЕНДЕР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Ормуз бұғазы арқылы сауда-саттықты қалпына келтіруге әлі де уақыт керек. Жұмыстың кенеттен тоқтап қалғаны өте ауыр соққы болды. Бұл дегеніміз келесі жолы осындай жағдай қайталанса, адамдар ұзағырақ күтуге мәжбүр болады. Парсы шығанағында қалып қойған кемелердің қалай шығуға тырысқанын көрдік. Ал енді шикі мұнай немесе тыңайтқыш тиеу үшін бұл аймаққа қайта оралатын кеме иелері бұдан былай өте сақ болады.

ЖАҺАНДЫҚ ДАҒДАРЫС. ГЕРМАНИЯ

«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, мұнай тапшылығы әлем экономикасына ауыр соққы болып тиюде. Бір ғана мысал — Германиялық Lufthansa әуе компаниясы қазан айына дейін 20 мың қысқа қашықтықтағы рейсті тоқтататынын жариялады. Бұған себеп — керосин бағасының күрт өсуі. Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан авиаотын құны екі есе қымбаттаған. Қазірдің өзінде күніне орта есеппен 120 рейс кестеден алынып тасталуда. Бұған қоса, тасымалдаушы Lufthansa CityLine бөлімшесінен 27 ұшақты біржола пайдаланудан шығарды. Еуропадағы отын тапшылығына байланысты Халықаралық энергетика агенттігі де дабыл қағуда. Ұйым басшысы Фатих Биролдың айтуынша, егер жеткізу тізбегі қалпына келмесе, кәрі құрлықтағы авиаотын қоры небәрі 6 аптаға ғана жетуі мүмкін.

ИСПАНИЯ

Дағдарыс салқыны Испанияға да жетті. Авиаотынның қымбаттауына байланысты дәстүрлі Сан-Жорди мерекесіндегі раушан гүлдері биыл 5 пайызға қымбаттады. Колумбия мен Эквадордан тасымалданатын өнімнің бағасына логистикалық шығындар тікелей әсер еткен. Сарапшылар мұндай қымбатшылық тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

ҮНДІСТАН

Ирандағы соғыс салдарынан энергия ресурстарының қымбаттауы жаһандық жеткізу тізбегін тұралатты. Үндістанда мұнайдан алынатын полиэстер бағасы күрт өсіп, әлемдік брендтерге өнім шығаратын зауыттар жұмысын баяулатты. Шикізат құнының артуы мен жұмыс күшінің тапшылығы тоқыма өнеркәсібін тығырыққа тіреді.

ОҚ АТУДЫ ТОҚТАТУ РЕЖИМІ ҰЗАРТЫЛДЫ. ЛИВАН

Ливанда 2 наурыздан бері жалғасқан қақтығыстар салдарынан қаза тапқандар саны 2 483 адамға жетті. Елдің Апаттар қаупін басқару бөлімінің мәліметінше, тағы 7 707 тұрғын түрлі жарақат алған. Бейсенбі күні Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққыларынан тағы 3 адам мерт болды. Шиеленіс 17 сәуірде күшіне енген уақытша бітімге қарамастан толастамай тұр. «Хезболла» қозғалысы Израильді келісім шарттарын бұзды деп айыптап, шекара маңындағы позицияларға дронмен шабуыл жасағанын хабарлады. Дегенмен, Вашингтонда өткен дипломатиялық келіссөздерден кейін оң нәтиже байқалды. АҚШ Президенті Израиль мен Ливан арасындағы он күндік оқ атуды тоқтату режимі тағы 3 аптаға ұзартылғанын жариялады. Екі елдің елшілері келісімді нығайту бойынша жұмысты жалғастырмақ.

ҚҰРБАНДАР САНЫ 72 МЫҢНАН АСТЫ. ГАЗА СЕКТОРЫ

2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторындағы қақтығыстар салдарынан қаза тапқандар саны 72 568-ге жетті. Анклавтың денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, жараланғандар саны 172 338 адамды құрайды. Соңғы тәуліктің өзінде ауруханаларға 6 мәйіт пен 18 жаралы жеткізілген. Сәрсенбі және бейсенбі күндері Израиль қорғаныс күштері сектордың орталық бөлігі мен солтүстігіндегі Бейт-Лахия елді мекеніне соққы берді. Салдарынан 8 адам мерт болып, оның ішінде үш баланың бар екені анықталды.

ИБРАГИМ, ОҚИҒА КУӘГЕРІ:

Көшеде адамдардың бөлшектенген мәйіттері жатыр, тіпті бет-бейнелерін тану мүмкін емес. Не басы, не аяқ-қолы жоқ. Біз көшеден тек адамның еті мен сүйегін, тіпті жолда шашылып жатқан миын жинап алдық. Бәрі жолдың бойында болды. Сондықтан бізді “оқ ату тоқтатылды” деп ешкім алдамасын. Мұнда бітім туралы ешқандай белгі жоқ.

ХАМАС қозғалысы АҚШ бастаған халықаралық «Бейбітшілік кеңесін» Израильдің гуманитарлық құқықты бұзуын тоқтата алмады деп айыптады. Ұйым өкілі Хазем Касем бұл оқиғаларды түгел жойып жіберу әрекеті деп атап, делдалдарды Тель-Авивке қысым көрсетуге шақырды. Өз кезегінде Израиль тарапы қауіп төндірген бірнеше содырдың көзі жойылғанын хабарлады.

ЖАППАЙ СОТ БАСТАЛДЫ. САЛЬВАДОР

Сальвадордағы әйгілі CECOT мега-түрмесінде «MS-13» қылмыстық тобының 486 басшысына қатысты жаппай виртуалды сот процесі басталды. Оларға 2012–2022 жылдар аралығында жасалған 47 мыңнан астам қылмыс бойынша айып тағылып отыр. Айыпталушылар кісендеулі күйінде экран алдында отыр. Прокурорлардың айтуынша, банда мүшелері кісі өлтіру, бопсалау, қару-жарақ тасымалы және адамдарды ұрлау арқылы ел ішінде «параллельді мемлекет» құрмақ болған. Алып зындан Президент Найиб Букеленің қылмысқа қарсы күресінің символына айналды. Дегенмен, құқық қорғау ұйымдары мұндағы жағдайды «адам төзгісіз» деп сипаттап, сотталушылардың адвокаттармен байланыса алмайтынын және азаптау фактілері бар екенін айтып, сынға алуда.

Айбек Қосан

← Все новости