Перейти к содержимому
· 18 просмотров

Отырардан басталған отты жыр

Қазақ руханияты қара жамылды. Қазақстанның еңбек ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың бақилық болғанын естіген жұрт есеңгіреп қалды. Ақиқатты ту етіп, шындықты шырылдап жеткізген ақиықтың шығармалары талайдың санасын ширатып, жігеріне жан бітірді. Ел үшін еңбегі орасан тау тұлғаның ұлт деп соққан жүрегі тоқтаса да, ұмытылмас ұраны мен жебедей өткір жырлары миллиондардың жүрегінде жатталып қалары хақ.

Оның өлеңі ұран, өмірі күрес. Ұлттың ұлы мұраты жолында тайсалмады. Кеңес одағының қаһарлы кезеңінде де қаймықпай, Мәскеудегі мінберден жанды мұздай қарыған Желтоқсан көтерілісін бұрмалатпай, тарихи әділеттіліктің орнауына өлшеусіз үлес қосқанын ел-жұрты ұмытқан жоқ.

Мұхтар Шаханов биліктің жалына жармасқан жоқ. Аумалы-төкпелі кезеңде ондай азаматтар қазаққа ауадай қажет еді. Ұлтқа қызмет қылу басты миссиям деп білетін қайраткер қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, өз биігінде қалықтады. Өзбекәлі Жәнібековпен бірге өткен ғасырдың 20-жылдары тоқтау салынған ұлыстың ұлы күнін қайта тірілткен еді. Арал апатын әлемге жеткізіп, ақиқатты астарлап емес, ашып айтты.

ҚАЗЫБЕК ИСА, АҚЫН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мұқаңның бойындағы батырлық туа бітті. Оның қайраткерлігі бір төбе, қаламгерлігі бір төбе, ақындығы бір төбе, батырлығы бір төбе. Жалпы ақын батыр болуы керек, батыр ақын болуы керек деген тұжырымды дәлелдеген ер Махамбеттен кейінгі екінші тұлға осы Мұхтар Шаханов.

Ол туған жер мен туған тілді ұлттың жаны деп таныды. Дәстүр мен тарихты халықтың діңгегіне балады. Төрт ана деп ардақтап, осы құндылықтарды талай туындыға арқау етті. Жүрегінен жыр төгілген ақын достықтың қадірін ұқтырды, махаббаттың құдіретін сездірді.

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ:

Байлық жинады, бірақ ол рухани байлық болды. Жазған өлеңдерінің дені қазақтың қамына арналған жырлар болды. Сондықтан да қазақ Мұқаңды жақсы көрді.

Өлеңі ешкімге ұқсамайтын, дауысы дара естілетін ақынды жұрт шумақтарынан-ақ таниды. Көлгірсуді суқаны сүймейтін ақынның көкірегін кернеп шыққан ой толғамдары мірдің оғындай. Нысанаға дөп тиетін шығармалары азаматтық ұстаныммен ұштасып жатты.

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, АҚЫН:

Алғашқы жинақтарынан бастап елді елең еткізді. Ешкімге ұқсамайтын лиро-философиялық ойларымен, фольклорды пайдаланып, аңыздарды жаңаша түйіндеді. Балладалары бірінен бірі өтетін, үлкен жүк көтерген дүниелер.

Қабырғалы ақын жігері құм болғандарды дәл осылай қайрады. Жыр жолдарынан ұлттық намыстың лебі есіп, еңсесі түскен жанға рух беретін ерекше қуат сезілетін. Алғашқы жыр жинағы «Бақыт» деген атаумен 1966 жылы жарық көрді. Одан кейін «Балладалары», «Ай туып келеді», «Отырар» поэмасы, «Сенім патшалығы» секілді шығармалары қалың оқырманға жол тартты. Жиыны 30-дан астам поэтикалық топтамасы басылып шығып, 40-тан астам туындысы өзге тілдерге аударылды. Бұл оның түркі әлеміне ортақ тұлға болғанын көрсетеді.

АСЫЛЫ ОСМАН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Менің түсінігімде Мұқаң қазақ қана емес, бүкіл түркі әлемінің, тіпті адамзаттың жүрегінде мәңгі сақталатын тұлға. Ең ескірмейтін, аласармайтын ескерткіш ол сөз. Сондықтан Мұқаңның артында халқын асқақтататын рух қалды.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Бұл әуен талай буынның жастық шағы мен алғашқы махаббатының символы. Мұхтар Шахановты біз отты жырлардың авторы, шындық жолындағы күрескер деп танимыз. Бірақ оның жүрегі нәзік лирикаға да толы еді. Ақын артынан мәңгі жырланар әндер қалдырды.

Ақынның туындылары уақыт сынына төтеп беріп, жаңа буынның жүрегінен жол табуда. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов ақынның 16 өлеңіне ән жазды. «Жұбайлар жыры», «Гүл дәурен», «Махаббат елі» әндері әлі күнге дейін ел аузында.

ДОСЫМЖАН ТАҢАТАРОВ, ӘНШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Көп ақындардың сөзі бірден әнге келе бермейді. Ал Мұхтар Шахановтың өлеңдері әнге жеңіл әрі мағыналы. Сондықтан бүгінгі буын да оны айтып жүр. Әннің қалыбы дұрыс болса, ол ешқашан өзектілігін жоғалтпайды.

Мұхтар Шахановтың биік тұлғасы мен қайраткерлігі қоғамда лайық бағасын алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда әйгілі қаламгерге «Қазақстанның Еңбек ері» атағын табыстаған еді.

Алмас қылыштай жарқылдаған қазақтың әйгілі ақыны 84 жасқа қараған шағында дүние салды. Ақтық демі Алматыда үзілді. Қаламгердің қазасына тек қазақ елі ғана емес, бауырлас халықтар да қайғырып, қоштасу рәсіміне жан-жақтан зиялы қауым өкілдері жиналды.

Ой ордасы Отырарда кіндік қаны тамған қаламгердің соңғы аманаты туған жерінде жерлену еді. Дара тұлға Арыстан баб кесенесінің маңындағы Қоғам ауылында мәңгілік тыныс тапты.

ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Өлім жоқ, өмірі ұзақ ақын. Ол енді жер ананың емес, ел ананың құшағында. Халықтың махаббатымен бірге жасай береді деп ойлаймын.

Ақиқаттың ақ берені соңғы сапарына аттанса да, артында адаспайтын жол мен өлмейтін рух қалды. Ол енді қайтып келмейді. Бірақ кейінгі буынға қалдырған мұрасы мәңгі жасайды.

Бердібек Қарынбай

← Все новости