«Болашақ» бағдарламасындағы былық шаш етектен. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек шетелде білім алуға бөлінген миллиардтаған қаражаттың талан-таражға түскенін мәлімдеп, тексеріс қажеттігін көтерді. Халық қалаулысының сөзінше, талапқа мүлдем сай келмейтін 300-ден астам үміткерге 7 миллиардтан аса теңге көлемінде стипендия заңсыз тағайындалған. Ал 15 адам тіпті республикалық комиссияның шешімінсіз-ақ шетелде білім алып жатыр. Одан бөлек, 70-тен астам үміткер заңды айналып өтіп, бір-біріне кепілгер болған.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Жоғары аудиторлық палата есебінің қорытындысы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен маман даярлауға жұмсалған қаражатты қайтару туралы талап арыз беру керек. Менің есебімше, әңгіме шетелде шын мәнінде тегін оқып жатқан шенеуніктердің балалары мен туыстарына жұмсалған шамамен 10 миллиард теңге туралы болып отыр. Министрлік олардың тегін нақты әрі ашық жариялауы тиіс.
Рамазан Палмағанбет