Перизат Қайратпен бірге мұқтаж жандарды сан соқтырып кеткен кәсіпкер әйел үйқамақта отыр. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бірнеше құрылыс компаниясын басқарған Мөлдір Сүйіншәлі елорданың іргесінен «Нұра Элит» коттедж қалашығын саламын деп, халықтың 4 миллиард теңгеге жуық қаражатын қалтасына басқан. Жоба бойынша 37 зәулім үй мен 24 таунхаус бой көтеруі тиіс еді. Алайда уәде етілген мерзім әлдеқашан өтіп кеткен. Соның салдарынан 56 отбасы алаяқтың арбауына түскен. Жиналған миллиардтардың қомақты бөлігі құрылысқа емес, Сүйіншәлінің өзінің, жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған. Тіпті 145 миллион теңгені қолма-қол шешіп алып, ізім-ғайым жоқ қылған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған. Соттың санкциясымен оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда.
Рамазан Палмағанбет