Перейти к содержимому
· 19 просмотров

Ақордадағы дипломатиялық апта

Астана мәртебелі меймандарды қарсы алуын жалғастырып жатыр. Бұл аптада бас шаһарға бір емес, бірнеше елдің билік өкілдері ат басын тіреді. Қаз-қатар тізілген кортеждер, әуежайдағы сән-салтанатты қарсы алу рәсімі, кейін Ақордада жалғасқан кездесулер. Бес күн ішінде елорда халықаралық деңгейдегі маңызды саяси іс-шаралардың орталығына айналды.

Сүттей ақ ниетпен, сүліктей қара көлігіне мініп, Ақордаға аяңдаған Израиль Президенті Ицхак Герцогты Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Президент екі елді елдестіруге Ицхак Герцогтың әкесінің ерекше еңбек сіңіргенін атап өтті. Сол сенімнің сетінеуіне жол бермейтін тағы бір маңызды қадамды баса айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек.

Екеуара жүздесу кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөзге ұласты. Тындырымды тірліктер түгенделіп, болашаққа бағдар жасалды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Ал Израиль президенті өз кезегінде сауда-экономикалық байланыстарды арттыруға ниетті.

ИЦХАК ГЕРЦОГ, ИЗРАИЛЬ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға үнемі келгім келетін еді. Мұны шын жүректен айтып отырмын. Өйткені қазақ жерінің көркем табиғаты мен қазақ халқының керемет мәдениеті туралы көп естідім. Менімен бірге өзара серіктестігімізге, әсіресе жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар келді. Әлем жаңа дәуірге қадам басқан кезеңде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті орасан зор.

Келіссөз нәтижесінде тараптар өзара іс-қимылды арттыру және стратегиялық серіктестікті нығайту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ сәуірдің соңында Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш те Астанаға ат басын бұрды. Бүгінде екі ел арасындағы саяси диалог сан қырлы серіктестікке қолайлы жағдай жасап отыр. Соның дәлелі – чех кәсіпкерлері соңғы 20 жылда елімізге 431 млн доллар инвестиция құйған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Skoda, Omnipol, Tatra, ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында серпін берер сегіз салаға екпін қойылды. Әсіресе өнеркәсіп пен мұнай-газдан бастап, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті күшейту көзделіп отыр. Қарым-қатынас тек экономикамен шектелмей, тарихпен астасып жатқаны айтылды.

АНДРЕЙ БАБИШ, ЧЕХИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз.

Күні кеше елордаға солтүстіктегі көршіміздің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та Қазақстанға арнайы келді. Кездесуде Ресей Президенті Владимир Путиннің мамыр айының соңында Қазақстанға жасайтын сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Осылайша, Ақордадағы апта дипломатиялық диалогқа толы болды. Таяу Шығыс, Еуропа және көршілес мемлекеттермен орнаған бұл байланыстар Қазақстанның халықаралық аренадағы теңгерімді әрі ашық саясатының айқын дәлелі. Ендігі мақсат – қол қойылған келісімдерді ел игілігіне айналдыру.

← Все новости