Перейти к содержимому
· 18 просмотров

Балаңыз көріп қоймасын!

Балам әйтеуір тыныш болсын деп қолына телефон ұстатып, телміртіп қоятындар көп. Гаджет қараған ұл-қыз интернеттен пайдалы контент көріп, дамып жатса, бір сәрі ғой. Өкінішке қарай, әлемжелілерде көруге ұят дүние көп. Арасында порнографиялық эпизодтар, кибербуллинг, қатігездікке үндейтін фото мен видео өріп жүр. Бұл өз кезегінде бұғанасы қатпаған баланың ойын әбден бұзып, оң мен солын танымаған жеткіншектің жетілуін тежейді. Қанжоса кадр, 18+ контент көріп өскен ұрпағыңыз ертең жағаңыздан алып, жан-жағына жұғыны жоқ болып өскенде тәрбиесін қолға алу кеш болып жүрмесін.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Бүгінде телефон балалардың жансыз күтушісіне айналған. Тыныш болғанын қалап, қолына беріп қойсаңыз, сағаттап көріп отыра беруге бар. Ал сол уақыт ішінде оның не көріп, не қойғаны бір өзіне аян. Оны бақылап жатқан ата-ана ілуде біреу ғана. Тек жеткіншектің мінез-құлқы өзгергенде ғана телефонның кесірі тигенін байқайды.

Астаналық Гүлдананың да баласы осы күнге дейін гаджет десе ішкен асын жерге қойған. Содан біртіндеп тәуелді бола бастағанын аңғарыпты.

ГҮЛДАНА МҰТАЛХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Даже мінез-құлқы өзгереді баланың. Көбіне нервный болып тұрады. Настроениесі жоқ болып тұрады. Қалай телефонды бересің, бала басылады.

Осыдан соң ол балаларының құрылғысына қадағалап отыратын қосымшаны орнатыпты. Бірақ кейде телефонды еріксіз беруге мәжбүр боламыз дейді.

ГҮЛДАНА МҰТАЛХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Телефонға тәуелділіктің бірінші мәселесі – көп балалы ана болғаннан кейін байқаймын, бір жерге шықсақ та, тамақтануға барсақ та, ойнауға барсақ та көп адамдар жақтыра бермейді. «Тыныштандырыңыз» деп айтады. Сол кезде ата-ана ұялғаннан телефон бере саламыз ғой. Солай-солай жинала беріп, тәуелділік содан пайда болады деп ойлаймын мен.

Иә, технология өмірімізге ентелеп еніп кеткен заманда қоғамды одан бөліп жара алмаспыз. Алайда UNICEF сол телефоннан көретін контенттер жасанды интеллект дамығалы әлдеқайда қауіпті бола түскенін айтады. Мысалы, халықаралық ұйым елімізде 9 жастан асқан бес баланың үшеуінде әлеуметтік желіде аккаунты бар екенін мәлімдеді. Ол жерден ұл-қыздар тыйым салынған контенттердің түр-түрін көреді.

«Интернеттегі барлық жастағы балалар тек сексуалдық емес, психологиялық қауіп төндіретін контентке де жиі тап болады: олардың 14%-ы зорлық-зомбылыққа, 12%-ы өшпенділікке, 9%-ы өзіне зақым келтіруге, ал 5%-ы өз өміріне қол сұғу әдістеріне кезіккен. Бұл ретте бес баланың бірі сексуалдық сипаттағы материалдарды көрсе, оның 7%-ы мұндай жат мазмұнмен апта сайын немесе күнделікті бетпе-бет келеді». UNICEF-тің «Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» мақаласынан үзінді.

Осы орайда біз психологтардан мұндай контенттерді жиі қарайтын балалардың портреті қандай болатынын және оны байқаған ата-ана қалай әрекет ету керектігін сұрадық.

АЙГҮЛ НАУРЫЗБАЕВА, БАЛАЛАР ПСИХОЛОГІ:

Клиптік ойлау қалыптасқан бала агрессияға өте бейім болады. Неге? Себебі тұрақтылық жоқ балада. Зейін тұрақтылығы жоқ. Видеода көргендей бәрі тез болады деп ойлайды. Бірақ өмірде дәл олай емес қой. Сол үшін тез ашуланады. Неге тез болмайды? Жауапкершілік сезімі жоқ болады балада. Бірінші амал – онымен сөйлесу керек. Сауатты түрде сөйлесу керек. Баланың психикасын қорқытып алмау керек.

Сондықтан маман бала осындай күйге түспес үшін ата-аналар жауапкершілікті ысыра салмай, мойындарына алуы қажет дейді.

АЙГҮЛ НАУРЫЗБАЕВА, БАЛАЛАР ПСИХОЛОГІ:

Бала өзінің атына аккаунт аша алмайды. Оны қалай ашу керек екенін де білмейді. Ондай сауаттылық оларда жоқ. Бірақ оны бізге жасап беретін ата-ананың өзі. Ол жерде балаға ешқандай бір қауіпсіздік жоқ, фильтр жоқ бұл жерде балада. Онымен айналысып жатқан ата-ана жоқ. Яғни бала күнделікті бір сағат, екі сағат үздіксіз отырған болса, онда үлкен мәселелер бар. Катастрофа бар.

Ал балалардың киберқауіпсіздігі саласында жұмыс істеп жүргендер балаларға медиасауатты үйрету қажет дейді.

АҚЕРКЕ МЫРЗАХАН, IT МАМАН:

Медиасауаттылық деген – ол фильтр жасай алу. Қай ақпарат пайдалы, қай ақпарат пайдасыз, зиянды контент – соны ажырату. Бала бірден зиянды контент көрген кезде ары қарай басып кірмеуі керек. Бірден шығып немесе ата-анаға хабарлауы керек.

Дегенмен, соған қарамастан жеткіншектің санасын улауға құмар адамдар жетіп артылады. Заңгер Дана Өтеген оларға тосқауыл қою өте қиын екенін айтады.

ДАНА ӨТЕГЕН, ЗАҢГЕР, ADJUNCT ASSISTANT PROFESSOR:

Әлеуметтік желілерде таралатын контент шетелден де келуі мүмкін. Бұл трансұлттық күрделенген мәселе болып саналады. Бұл контентті анықтау оңай емес. Ол цифрлық форензика деп аталады. Цифрлық криминалистика мамандары қай елден келген контент, қай мемлекетте орналасқан платформа екенін анықтайды. Оны бұғаттау үшін бізде мемлекет тарапынан сұрау жіберу керек. Сұрау жібергеннен кейін ол мемлекет тағы да тергеу өткізеді.

Сондықтан елімізде былтырдан бері балалардың әлеуметтік желіге кіру жасын шектеу туралы ұсыныс айтыла бастады. Мысалы, алпауыт АҚШ-та 13 жасқа толмағандар желілерде аккаунт аша алмайды. Тыйым салынған. Ал Франция болса күзде 15 жасқа толмағандарды желіге жолатпаймыз деп отыр. Дамыған елдер тығырықтан шығудың жолын осылай тапқан.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақстанда TikTok пен Instagram-ды айтатын болсақ, 6 жаста, 5 жаста, тіпті ата-ананың ескертуінсіз, верификациясыз тіркелуге болады. Басқа мемлекеттерді алатын болсақ, оларда мұндай заңдар қабылданып жатыр. Мысалы, Данияда, Аустралияда тіркелуге рұқсат жасы – 15-16 жас.

Десек те, бұл үшін ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс. Өйткені мамандар әлеуметтік желілерге иелік ететін ірі компаниялар өз мүддесі үшін қолданушылардың жас ерекшелігіне аса мән бермейді дейді.

АҚЕРКЕ МЫРЗАХАН, IT МАМАН:

Оларға қолданушылардың санын көбейткен ыңғайлы. Сол арқылы бір-бірімен жарысады. Аустралия, Норвегия сияқты мемлекеттерде мемлекеттік ID бар. Қазақстанда ол да бар. Авторизация кезінде, бір жүйеге тіркелген кезде, аккаунт ашқан кезде мемлекеттік ID арқылы өзіңнің жасыңды, тегің кім, аты-жөнің кім, ата-анаң кім деген секілді ақпараттардан өту арқылы аккаунт ашады. Қазақстан да жақын болашақта сол жүйеге келеміз.

Осы орайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрадық.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазір бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр. Алдымен халықаралық тәжірибелерге зер салуымыз қажет. Қазір Еуропа елдері бұған бет бұрып жатыр. Қазақстанда шешім әлі қабылданған жоқ. Артықшылықтары мен кемшіліктері сараланып жатыр.

Яғни бұл әлі басы ашық дүние. Бірақ баланың болашағына балта шаппас үшін ата-ана да, қоғам да, мемлекет те оны қорғауға мүдделі болуға тиіс. Телефонның тетігі ұрпақ санасының кетігіне айналмасын десек, әзірден әрекетке көшкен жөн.

← Все новости