Перейти к содержимому
· 18 просмотров

Кредиті барлар лудоман ба?

Кредит ала беретін адамдар ауру! Психологтар несиеге тәуелділік лудоманияның бір түрі екенін айтты. Өйткені оңай ақшаға еліткендер шамасын аңдап, пайызын барлап қарамайды. Тіпті кейбірі қарызды қай банктен, қандай қажеттілігі үшін алғанын да білмейді. Мұндай дерттен ада болу үшін ел нені білу керек? Мұқым елдің мойнына қарыздың қамыты ілінбес үшін мемлекет не істеп жатыр?

Аружан Байысбекова несібесін несиеге байлап бергендердің бірі. 18 жасында қаржы пирамидасының құрығына түсіп, мойнына қарыздың қамыты ілінген. Туған-туыс теріс айналғанда, банктен басқа барар жері қалмапты.

АРУЖАН БАЙЫСБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Күйеуге шықтым, ұзатуға кредит алдық. Одан кейін микроқарыздарға кірдім, ол кредитті жабу үшін. Ай сайынғы төлем болмағаннан кейін, микроқарыз алуға тура келді. Сол қарыздармен кейін сүйтіп-сүйтіп өсе берді ғой кредиттің сомасы. Қазіргі қарызым 120 миллион болыпты. Ай сайынғы төлемім 5 миллионнан асады.

Бас-аяғы аман, белшеден берешек болып жүрген қандас көп. Қазір елімізде 10 миллионнан астам адамның қарызы бар. Өйткені екінші деңгейлі банктер бизнеске қаржы бөлгеннен гөрі, тұтынушылық несие таратқанды құп көреді. Ал олардың пайызын қарап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Банкке барған кезде азаматтар бірінші кезекте талдау керек: қай банкке бару керек, қай банкте қандай талаптар мен шарттар бар. Ал азаматтар ондай ақпаратты алмағандықтан, банктің қойған шарттарына келісіп, тіпті несиені кассадан шешіп берген кезде ұйымдастыру қызметінің өзіне де ақша төлейтіндей болып қойған. Оны заң жүзінде дұрыс деуге болмайды.

Мәселен, 1 000 000 теңге несие алсаңыз, оны өтеудің екі негізгі тәсілі бар: аннуитеттік және дифференциалдық. Аннуитеттік төлемде сіз ай сайын бірдей соманы төлейсіз. Мысалы, шамамен айына 92 600 теңге. Бірақ алғашқы айларда осы төлемнің басым бөлігі үстеме пайызды жабуға кетіп, кейін негізгі қарыз азая бастайды. Ал дифференциалдық әдісте негізгі қарыз тең бөліктермен бөлінеді. Яғни 1 000 000 теңге 12 айға бөлінсе, ай сайын шамамен 83 300 теңге. Алайда осы сомаға пайыз қосылады, сондықтан алғашқы айларда төлем шамамен 100 000 теңге болады. Кейін ай сайын азайып отырады.

Қаржылық сауаттылық жайлы жар салып айтуымыз да бекер емес. Өйткені желкеден буған несие мен арқаға батқан қарыз адамды ауру қылуы мүмкін.

БИБІГҮЛ ӘШЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Кредит деген лудоманияның бір түрі. Сол тәуелділік қой. Не болса да тура сондай. Одан кейін олар жын кіріп кеткен сияқты жүреді. Олар өз-өзін танымайды. Басқаша адам болып кетеді. Сіздер ондай адамды көрсеңіздер, жүйкесі тозған болады ғой. Есі дұрыс емес сияқты.

Ел ессіз кредит алмасын, банкке бармасын деп жауаптылар түрлі шектеулер қойып жатыр. Мәселен, былтыр тамыздан бастап қаржы ұйымына берешегіңізді 30 күн кешіктірсеңіз немесе кредит ай сайынғы табысыңыздың 50 пайызынан асып кетсе, несие берілмейді. Мемлекет осылайша көрпесіне қарай көсілуді білмейтіндерді заңмен шектемек.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Несие берудің қарқыны қатты төмендеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда тұтынушылық несиелер жыл сайын 30 пайыздан астам өсетін. Қазіргі уақытта 6-7 пайыздан аспайды. Осы жылдың басынан бері осындай тенденция қайтадан жалғасуда. Тұтынушылық кредиттерді беру саны азайды.

Бұдан бөлек, «Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында 860 мыңнан аса адамның борыштық жүктемесі азайған.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қисапсыз қаржылық ақпараттар, қарапайым қараша ұғып болмайтын пайыздар. Бақаның тілін балық түсінсе де, банктің тілін халық түсінбей жүр бүгінде. Сондықтан аңқау елге арамза молда болған қаржы ұйымдарының жұмысын жүйелеу керек дейді сарапшылар. Дегенмен, шарамен қоса сана да керек.

← Все новости