Қазақстан мен Оңтүстік Корея бірлесіп кино түсіреді. Қазір «Азия ханзадасы» деп аталатын фильмге кастинг жарияланып, іріктеу жүріп жатыр. Жоба авторлары екі елдің танымал актерлерін жұмылдыруды жоспарлап отыр.
Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Кореяның киноиндустриясы енді ортақ жобаны қолға алды. Екі елдің киногерлері бірлескен продюсерлік орталық құрып, кастингті бастап кеткен. Жобаға Кореядан әлемге танымал актерлер қатысады. Режиссердің айтуынша, іріктеу талаптары өте жоғары.
АЛЁНА АЛМАЗ, РЕЖИССЁР:
Әзірге қазақстандық актерлердің арасынан бесеуін таңдап алдық. Төртеуі елге танымал, біреуі жас актер, бірақ оны да жұрт жақсы біледі. Дегенмен Қазақстан тарапынан фильмге атсалысатындар саны бұдан да көп болады. Ал кореялық актерлердің ішінде әлемге әйгілі жұлдыздар бар. Сондықтан талап екі жаққа да күшті. Басты рөлдегілердің жастары 22 мен 26-ның аралығында. Ал қосалқы рөлдерді ойнайтындар 30 бен 45 жастың арасында.
Фильмнің сюжеті бойынша кореялық мегажұлдыз жарнамалық роликке түсу үшін Алматыға келеді. Алайда продюсерлермен тіл табыса алмай, Сеулге қайтудың орнына Қазақстанда қалып қояды. Тіл білмейтін ол түрлі қиындыққа тап болып, құжатынан айырылып, ақшасыз қалады. Кейін тағдыр оны Тоғжан есімді бойжеткенмен жолықтырады.
СОНГ ДЖИН ЛИ, ПРОДЮСЕР:
Актерлерді таңдағанда екі критерийге назар аудардық. Олар — сыртқы келбеті мен актерлік шеберлігі. Сонымен қатар қазақстандық актриса мен кореялық актердің экранда қалай көрінетіні өте маңызды болды. Яғни, екеуінің үйлесіміне ерекше мән бердік. Түсірілімді Сеулде бастаймыз. Бірақ онда бір апта ғана боламыз. Фильмнің негізгі бөлігі Алматыда түсіріледі.
Түсірілім мамыр айының соңында басталып, шілде айында аяқталады. Ал жыл соңында фильм көрерменге жол тартпақ. Картина тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық прокатқа да шығуы мүмкін.
СЕ ХВАН КИМ, ПРОДЮСЕР:
Фильм Қазақстандағы барлық кинотеатрда көрсетіледі. Қазір біз оны Кореяда көрсету үшін платформалармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар фильмді әлемдік аудиторияға ұсыну бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Ал Оңтүстік Кореяның танымал «iii» тобы фильмнің музыкалық сүйемелдеуіне атсалысады. Қазірдің өзінде топ мүшелері қазақ тілінде ән айтуға дайындалып жатыр.