Перейти к содержимому
· 15 просмотров

Ұшқыш болу оңай ма?

Отан қорғаушылар күніне орай Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты ашық есік күнін өткізді. Ақтөбелік оқушылар мен студенттер әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен танысып, ұшқыш мамандығының қыр-сырын білді.

Институтқа келген қонақтар алдымен даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Институт қызметкерлері жастарға батырдың ерлігі, кәсіби шеберлігі мен әскери жолы туралы айтып берді.

АСЫЛБЕК ҚОХАНОВ, Т.БИГЕЛДИНОВ АТЫНДАҒЫ ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ КҮШТЕРІ ӘСКЕРИ ИНСТИТУТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:


Осы атқарылып жатқан жұмыстың басты мақсаты — отансүйгіштікке тәрбиелеу, елге деген құрметті арттыру. Болашақта жастар біздің институтқа түсіп, офицер атанса деген ниетпен ұйымдастырылып отырған шаралардың бірі. Біздің курсанттар лейтенант шенін алып шығады. Әскери ұшқыштар, инженерлер және ұшқышсыз басқару аппараттарының операторлары даярланады.

Алдияр әскери авиация саласына баруды қазірдің өзінде мақсат етіп қойған. Ол мектеп жанындағы «Жас сарбаз» қозғалысының мүшесі.

АЛДИЯР АЙТҚҰЛОВ, ОҚУШЫ:

Отан — үлкен құндылық. Әрине, халыққа, Отанға қызмет ету керекпіз. Мен 51-гимназияның 10-сынып оқушысымын. “Жас сарбаз” қозғалысында жүргеніме екі жыл болды. Болашағымды әскери авиациямен байланыстырғым келеді.

Ашық есік күні барысында жастар оқу-зертханалық залдарды аралап, әскери техникалармен танысты. Курсанттар ұшақ қозғалтқыштарының жұмысы мен түрлі құрылғылардың қызметін түсіндіріп берді.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:


Т.Бигелдинов атындағы әскери әуе күштері институтының ашық аспан астындағы мұражайы бүгін келушілерге есігін айқара ашты. Мұнда жастар әскери техникаларды жақыннан көріп, әр экспонат туралы толық ақпарат алды.

Шара соңында қатысушылар турникке тартылудан бақ сынады. Бұл жолы «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері өздерінің мықтылығын дәлелдеді.

← Все новости