85 жыл бойы үнсіз жатқан тарихтың беті енді ғана ашылып жатыр. Жамбыл облысында архив қызметкерлері 50-ден астам «қара қағазды» тауып, майданда із-түссіз жоғалған 70-ке жуық жауынгердің есімін қайта анықтады.
Мұрағат мамандарының айтуынша, соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздар туралы қаралы хаттар олардың туған-туыстарына жетпеген. Бұл деректер ұзақ жылдар бойы «құпия» белгісімен сақталып келген.
НҰРХАТ СЕРІКБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Әскери комиссариаттардағы жеке адамдардың мәліметтері құпия сақталады. Заң бойынша оған 75 жылдан кейін ғана рұқсат беріледі. Сондықтан бұған дейін “құпия”, “аса маңызды” деген белгілер болды. Қазір осы тақырыпқа қызығатын ұрпақтарына, өлкетанушылар мен тарихшыларға бұл деректерді насихаттап жатырмыз.
Архив қызметкерлері бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын сегіз жыл бойы жүргізген. Жиналған тың мәліметтер негізінде арнайы кітап жарық көрді. Оның алғашқы таныстырылымы студенттерге арналды.
ҚУАНЫШ ҚҰРМАНҚҰЛ, СТУДЕНТ:
«Майдан құжаттары» деген тақырыпта өттік. Өте пайдалы болды. Өзім тарих мамандығында оқимын. Болашақта бізге де қажет болады. Бұл тақырыпты әрі қарай зерттеймін деп ойлаймын.