Перейти к содержимому
· 15 просмотров

Қош келдің, Люлю!

Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядан Қазақстанға қайтарылған кішкентай қыздың тағдыры туралы деректі фильм жариялады. Фильмде «Жусан» арнайы операциясына қатысқан офицер әйелдің жанкешті еңбегі баяндалады.

Осыдан 11 жыл бұрын Сириядағы соғыс кезінде теріс діни ағымның ықпалына ерген қазақстандық азаматтың отбасында Люлю есімді қыз дүниеге келген. Анасы сәби бір жасқа толғанда жарылыстан қаза тапқан. Кейін әкесі екінші рет үйленіп, 2019 жылы жаңа отбасымен Қазақстанға қашып шыққан.

ЛЮЛЮДІҢ ӘКЕСІ:


Олар айтты: «Сен әйеліңмен өтесің, ал балаң екіншімен өтеді». Еркек болған соң қауіпті деді. Ұсталып қалсаң, біз де кете алмаймыз деді. Бірінші мен әйелім өттік, сосын үш қызды алып алдық. Ал Люлюге әйелімнің жеңгесі қарады. Ол кісі бізден кейін өтуі керек болған. Гүлназ деген кісі, ол да Қазақстанға оралды.

Осылайша кішкентай қыз бөтен елде жалғыз қалып қойған. Тек төрт жылдан кейін Алтын Асқарова бұрынғы қазақстандық содырдың қызын іздестіруге кіріскен. Ол дипломаттарды, барлау қызметін, гуманитарлық ұйымдар мен шетелдік әріптестерді тартып, ұзақ келіссөздер жүргізген. Жарты жылдық үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 2023 жылдың 11 наурызында жеті жасар Люлю Қазақстанға аман-есен жеткізілді.

Қазір қыз туыстарының қолында тәрбиеленіп жатыр. Комитет мәліметінше, 2019 жылдан бері террористік аймақтардан Қазақстанға 518 кәмелетке толмаған бала қайтарылған. Оның 34-і — тұл жетім. Сириядан оралған әйелдер мен балалардың жаңа өмірге бейімделуіне де Алтын Асқарова үлкен үлес қосқан. Ол барлық жұмысты үйлестіріп, үнемі олардың жанынан табылған. ҰҚК офицері 2023 жылы ауыр дерттен қайтыс болды.

Нұрай Құрақбай

← Все новости