Бұл енді сұмдық жағдай ғой. Депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліске келген Жаслан Мәдиевке шүйлікті. Оның сөзінше, ұялы байланыс операторлары тарифті негізсіз қымбаттатқан, салдарынан халық қиналып жатыр. Қарапайым мысал, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің дерегінше, операторлар 2024 жылы 140 тарифтік жоспардың бағасын 3 пайыздан 300 пайызға дейін, ал былтыр 14 пайыздан 75 пайызға дейін өсірген.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бұл енді сұмдық жағдай ғой. Осыны реттеу керек деп жиналыс өткіздім. Байланыс операторлары келді, сіздің вице-министріңіз келді. Олардың айтатыны – Кәсіпкерлік кодекстің 116-бабына сәйкес оларға тиісе алмаймыз дейді. Бірақ мемлекет реттейтін бағалар бар. Сол тетікке байланыс операторлары неге кірмей қалған? Қарапайым халық бағаға шағымданады, министрлік біздің қатысымыз жоқ, Кәсіпкерлік кодекс бойынша өздері реттейді дейді, кім шешетінін білмей, ортада ел қалады, біз қаламыз.
Сол себепті депутат тарифтердің бағасын байланыс операторлары өздігінен емес, Үкімет деңгейінде келісу керек деген норманы ұсынды. Бірақ салаға жауапты министр әзірге мұндай бастама жоспарда жоқ деп қысқа қайырды. Дегенмен, инфрақұрылымға тартылатын инвестиция мен инфляцияның салдарынан бағаның құбылатыны заңдылық. Алайда қазір қымбаттағаннан бұрын, тарифтің арзандағаны көп дейді.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Біздің ақпарат бойынша тарифті бір гигабайтқа санасақ, үш жылдың ішінде кейбір операторлардың тарифтері бағасы өзгерген жоқ. Кейбір тарифтер мүлдем 10-15 пайызға арзандады. Мысалы, 2023 жылы 96 теңге болса, осы жылы 80-82 теңге.