Перейти к содержимому
· 15 просмотров

Бауырлас елдерді біріктірген саммит

Осы аптада төрткүл дүние Түркістанға көз тікті. Киелі шаһарда түркі елдері басшыларының бейресми саммиті дүркіреп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының әскери не геосаяси блок емес екенін мәлімдеп, басты мақсат – бауырлас елдер арасындағы сауда-экономикалық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту екенін алға тартты. Ал Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 34 әріпке негізделген түркі әліпбиін қолдану аясын кеңейту жайлы айтып қалды.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Түркі жұртының қасиетті мекені – Түркістан қаласы тағы бір тарихи кездесудің алаңына айналды. Түркі елдері ұйымы көшбасшыларының басқосуына дайындық шаралары бірнеше ай бұрын басталған еді. Шаһардың көркі кіріп, мәртебелі меймандардың келуіне қала тас-түйін дайын. Бұл тек хаттамалық дайындық емес, еліміздің халықаралық имиджіне әсер ететін кездесу екенін жауаптылардан бөлек, тұрғындар да жақсы түсінеді.

БЕЙБІТ ҚАЗЫБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Шаһарымыздың туристік әлеуетін де арттырады деп ойлаймын. Өйткені әлем көрді. Әлемде осындай қаланың бар екенін біліп жатыр. Сондықтан осындай саммиттің еліміз үшін берері мол деп есептеймін.

АЙНҰР ЫСҚАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Дайындық енді тамаша болды. Дайындықты айтсақ, осыдан екі ай бұрын жүрді ғой енді. Не деген тамаша қала. Гүл қала деп айтуға болады Түркістанды. 5 жылдың ішінде осындай дәрежеге жетті деп айтуға болады.

Саммит өтетін күні президент борттары бірінен соң бірі Түркістан әуежайына қона бастады. Көшбасшылар түркі әлеміне ортақ құндылық Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ат басын бұрып, зиярат етті. Дәл осы жерде Түркия президенті кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйға тартты. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан елінің президентімен жаңадан ашылған мешітке арнайы барды. Дәстүрлі ислам элементтері қамтылған заманауи орын – Өзбекстанның Қазақ еліне тартуы. Қос елдің көшбасшылары арнайы діни орында дұға етті.

«Қазақ елімен Өзбек елінің бауырмалдығын мәңгі ет. Алла тағала екі елдің достығын нығайтып, бір-біріне деген тілегін қабыл ет.»

Ал саммитке арнайы келген халықаралық және отандық сарапшылар кездесудің маңыздылығын жоғары бағалап отыр. Айтуларынша, еркін форматтағы жүздесуде президенттер көкейде жүрген көптеген мәселені талқылап, ортақ шешімге келді деген ойда. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттер арасында бірнеше салада ілгерілеу болады дейді. Ал саммиттің Түркістанда өтуі де кездейсоқ емес. Себебі мың жылдық тарихы бар көне шаһар – түркі елдерінің рухани және мәдени астанасы ретінде танылған.

ХАЛИЛ ЧЕТИН, АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТУРКОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Экономика жағынан, инженерия жағынан, логистика жағынан, ғылым жағынан жақсы іс-шаралар қозғалып жатыр. Бұл түркі мемлекеттерінің болашақта тағы жақсы болуы үшін, алға қарай жүру үшін, күштерін бірлестіріп жақсы жұмыстар атқару үшін өте маңызды рөл ойнап жатыр.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Әне-міне дегенше тамыры бір, тарихы ортақ түркі жұрты президенттерінің Түркістандағы саммиті басталды. Арнайы қаланың төрт негізгі жолы тоғысқан жерге алып тайқазан орнатылды. Алыстан көзге бірден көрінетін тайқазан кесенеде тұрған түпнұсқадан бес есе үлкен. Ал жоғарыдан қарағанда түркітілдес мемлекеттер ұйымының туы бейнеленген. Ал оның жанында мәртебелі меймандар үшін этнотуристік кешен ашылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің басшыларын конгресс-холл орталығында күтіп алып, бейресми саммиттің отырысы басталды. Жасанды интеллект және цифрлық даму тақырыбына арналған жиында сөз сөйлеген мемлекет басшысы бірнеше мәселені көтерді. Бастысы, Түркі мемлекеттері ұйымының рөліне тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным еліміз үшін маңызды басымдық. Себебі бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық.

Президенттің бұл пікірін сарапшылар да қуаттап отыр. Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықпен қатар экономикалық байланыс басты рөлде дейді.

АРМАН ЕШМҰРАТОВ, САЯСАТТАНУШЫ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

Қазіргі жағдайда ең маңызды тұсы – бұл экономикалық байланыс. Түркі әлеміне жататын елдерде 175 млн адам тұрады. Бұл дегеніңіз – үлкен нарық, үлкен экономика. Сондықтан Қазақстан осы мәселелерге келгенде нақты нәтижеге ұмтылуды көздейді. Бұл біздің көпвекторлы саясатымыздың бір қыры десек болар.

Түркістан қаласына шақыртуды қабыл алып, арнайы келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға тұрғындардың ықыласы ерекше болды. Мәртебелі мейманға деген жылы шырайды мына видеолардан байқауға болады.

Енді күн тәртібіне қайта оралсақ. Саммитте сөз сөйлеген Режеп Тайип Ердоған цифрлық ұғыммен бірлікті бекемдейтін уақыттың келгенін айтты. Ол адами капиталға негізделе отырып, арамыздағы цифрлық байланысты нығайтуы қажет деп санайды.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қадірлі бауырларым! Болашақ әлемінде ықпалымызды арттырып, үнімізді күшейту үшін әсіресе технология саласындағы ынтымақтастығымызды барынша жоғары деңгейге көтеруіміз қажет. Осы тұрғыда саммитіміздің жасанды интеллект және цифрлық даму тақырыбымен өткізілуін аса өзекті әрі уақытылы шешім деп санаймын. Болашақты айқындау жолында цифрландыру арқылы дамыған түрік әлемі тұжырымдамасын ортақ бағдар ретінде қабылдауымыз айрықша маңызды.

Бейресми кездесу барысында Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы Әзербайжан президенті сөз сөйлеп, еліміздің көрсеткен қонақжайлығына ризашылығын білдірді. Ұйымның халықаралық беделі өсіп жатқанын айтқан Ильхам Әлиев саммиттің тақырыбы аясында әлем цифрлық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Осы орайда түркі елдері де көштен қалып кетпеуін жеткізді.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткен жылы елімізде жасанды интеллектті дамыту стратегиясын қабылдаған болатынбыз. Және стратегияның негізгі мақсаттарының бірі – жасанды интеллект индустриясын дамыту, білікті кадрларды даярлау, мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті кеңінен қолдану.

Сонымен қатар алдағы уақытта Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады. Президенттерге цифрлық экономиканың даму жолдары таныстырылды. Алайда ғасырлар бойы қалыптасқан, бірлігімізді нығайтқан рухани һәм мәдени байланысқа ешқандай дүние кірбің түсірмеуі қажет деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет. Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадты жаңғырту мәселесі ғана емес, бұл біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор. Осы орайда мен түркі жұртының конвенциясы жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын.

Қазір әлемде геосаяси жағдай тұрақсыз. Айналамызда соғыстың оты тұтанған сәтте тыныштық орнап, бірлігі бекем болып тұрған мекеннің бірі – түркі мемлекеттері орналасқан аймақ. Сондықтан дүрбелең кезде бауырлас елдермен байланысымыз бекем болса, ұтатын тұстарымыз көп дейді сарапшылар.

АМАНГЕЛДІ ҚҰРМЕТҰЛЫ, САЯСИ САРАПШЫ, ЖУРНАЛИСТ:

Ирандағы соғысқа байланысты, Украина мен Ресейдің арасындағы соғысқа байланысты Қытайдан Еуропаға қаратын немесе керісінше жүретін тауарлар құрлық арқылы жүргізілген кезде көбінде осы Орта дәлізге күндердің күнінде көбірек үміт артуы мүмкін. Өйткені екі жақтағы шиеленістер қашан аяқталары болжап айту қиын. Сондықтан осы дәлізді жетілдіру, осы дәліздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қосалқы мемлекеттерді бұл жобаға тарту мәселесін пысықтау ғажап емес. Орта дәліз Қазақстан үшін шын мәнінде сыртқа шығатын негізгі жолға айналып келе жатыр.

Жиынның ең жарқын әрі символикалық сәті – Түркістанда бой көтеретін «Түркі өркениеті орталығының» іргетасын қалау рәсімі. Ұйымға мүше мемлекеттердің көшбасшылары болашақ орталықтың алғашқы қазығын бірлесе қағып, рухани тамырластық сертін тағы бір мәрте бекемдеді. Ал алқалы жиынның басты құжаты ретінде Түркістан декларациясы қабылданды. Бұл тек қағаз бетіндегі уағдаластық емес, жасанды интеллект пен жаһандық цифрландыру дәуіріне аяқ басқан түркі жұртының жаңа белестегі тұтастығы мен мызғымас бірлігінің айқын айғағы. Көне мен жаңаны тоғыстырған киелі шаһардағы бұл басқосу – бауырлас елдердің ортақ болашағына жасалған үлкен қадам ретінде тарих шежіресіне алтын әріппен жазылмақ.

← Все новости