Қытайды сауда соғысында тарифпен теңселтемін деп көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған Трамп көрші елге мемлекеттік сапармен барды. Обалы не керек, Қытай басшысы Си Цзиньпин АҚШ Президенті Дональд Трампты ерекше құрметпен қарсы алды. Екі ел басшысы «сындарлы және стратегиялық» серіктестіктің жаңа дәуірі басталғанын жариялады. 1949 жылдан бері Қытай билігінің символына айналған резиденция бағында серуендеген басшылар екіжақты ынтымақтастықтың «тарихи белеске» шыққанын атап өтті.
СИ ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:
Біз елдеріміз арасында жаңа, сындарлы және стратегиялық қарым-қатынас орнаттық. Бұл сапарды тарихи маңызы бар маңызды кезең деп айтуға болады. Біз көптеген бағыттар бойынша ортақ мәмілеге келдік.
Дональд Трамп бұл кездесуді «өте нәтижелі» деп бағалады. Тараптар сауда келісімдерінен бөлек, Иран мәселесін де талқылаған. Ақ үй басшысы Тегеранның ядролық қаруға ие болмауы тиіс екенін және халықаралық теңіз жолдарының, әсіресе бұғаздардың ашық болуы маңызды екенін жеткізді. Трамптың айтуынша, екі ел бұған дейін ешкім шеше алмаған түйткілдерді тарқатуға жақын.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл таңғажайып сапар болды. Біз екі елге де тиімді болатын керемет сауда келісімдерін жасастық. Си мырзамен таныс болғанымызға 11 жылдан асты, мен оны қатты құрметтеймін. Біз басқалардың қолынан келмеген күрделі мәселелерді шештік, қазір арақатынасымыз өте берік.
Алайда сарапшылар бұл кездесуге сақтықпен қарап отыр. Аустралиялық талдаушы Джаред Мондшейннің пікірінше, бұл сапар нақты нәтижеден гөрі символикалық сипатқа көбірек ие. Әсіресе, АҚШ-тағы алдағы аралық сайлау қарсаңында Трампқа өз рейтингін көтеру үшін осындай ірі «келісімдер» ауадай қажет.
ДЖАРЕД МОНДШЕЙН, СИДНЕЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Трамп кәсіби саясаткер емес, ол – бизнесмен. Сондықтан кез келген ірі келісімді табыс көрсеткіші деп санайды. Бірақ бұл келісімдердің артында Тайваньға қару сатуды шектеу немесе Қытайға құпия технологияларды беру сияқты АҚШ мүддесіне қайшы келетін құн тұруы мүмкін бе деген қауіп бар.
ТАЙВАНЬ
Тайваньдық сарапшылар болса, әзірге алаңдауға негіз жоқ деп есептейді. Олардың пайымынша, Вашингтон Тайвань мәселесінде Қытайға жол берген жоқ. Кездесу барысында аралдың тағдыры «сауда нысанына» айналғаны туралы ешқандай белгі байқалмаған.
ВАН ХУНГ-ДЖЕН, ЧЕНГ КУНГ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ САЯСАТТАНУ ПРОФЕССОРЫ:
АҚШ өз позициясынан таймағаны көрініп тұр. Көбісі Трамп Бейжіңге барғанда Тайваньға қатысты жағымсыз мәлімдемелер жасайды ма деп қорыққан еді. Бірақ қазіргі таңда ондай қауіп сейілді. Қытай бұл мәселені күн тәртібіне шығаруға тырысқанымен, АҚШ тарапы бәрін байыппен, артық шусыз қалдырды.
БРИТАНИЯДА САЯСИ ДАҒДАРЫС. ҰЛЫБРИТАНИЯ
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің болашағы Лондонның аспанындай бұлыңғыр. Лейбористер партиясының белді мүшесі, Манчестер мэрі Энди Бернэм Стармерге ашық бәсекелес атануы мүмкін. Соңғы аптада үкімет ішіндегі бірқатар шенеуніктер премьерді «айқын бағыты жоқ» деп айыптап, қызметтен кетті. Олардың қатарында денсаулық сақтау министрі болған Уэс Стритинг те бар. Қазіргі саяси текетірес Иран мен Украинадағы соғыстардың салдарынан туындаған экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келіп отыр. Ал қатардағы тұрғындар шексіз саяси ойындардан әбден қажығанын айтады.
ДЖОШУА ВОЛЬФФ, ТҰРҒЫН:
Кир Стармердің өз позициясын соңына дейін қорғап қалуға тырысқанын құптаймын. Шыны керек, саясаттан мүлдем басым айналып кетті, бірақ бәрін бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес қой. Сондықтан оған әлі де уақыт керек деп ойлаймын.
ОУЭН РОБИНСОН, ТҰРҒЫН:
Бәрінен әбден шаршадым. Меніңше, елдегі саясат халықты әдейі қажыту үшін жасалып жатқан сияқты. Жұрт бей-жай күй кешсе, олар өздерінің ақылға қонымсыз істерін оңай іске асыра береді.
Саяси дағдарыс аздай, Лондонда жағдай ушығуы мүмкін. Қалада бір мезетте екі ірі шеру өтеді деп күтілуде: бірі – Накба күніне арналған палестинашылдардың маршы, екіншісі – иммиграцияға қарсы оңшыл топтардың жиыны. Полиция 80 мыңнан астам адам қатысатын бұл шараларда жаппай тәртіпсіздік болдырмау үшін күшейтілген режимге көшті. Кир Стармер полиция бөлімшелеріне барып, дайындық барысын тексерді.
АУҚЫМДЫ ТҰТҚЫН АЛМАСУ
Украина мен Ресей арасында тұтқындарды алмасудың алғашқы кезеңі өтті. Киевке 205 әскери қызметкер қайтарылды. Бұл туралы Президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Бұл процесс АҚШ Президенті Дональд Трамптың араағайындығымен қол жеткізілген үлкен келісімнің бастамасы. Тараптар үш күндік атысты тоқтату режимі аясында әрқайсысы 1000 адамнан алмасуға уағдаласқан. Оралғандардың көбі – 2022 жылы Мариуполь қаласын қорғау кезінде қолға түскендер. Олардың арасында офицерлер де, қатардағы жауынгерлер де бар. Автобустан түскен сарбаздарды туған-туыстары көз жасына ерік беріп, салтанатты түрде қарсы алды.
ЕВГЕНИЙ ЕРЕМЕНКО, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР:
Төрт жыл бойы осы сәтті, бостандықты күттім. Елге оралғаныма, жақындарымды көретініме сенер-сенбесімді білмеймін. Бұл біз үшін үлкен бақыт.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Мәскеу де дәл осы күні 205 сарбазын елге қайтарған. Бұл – кейінгі уақыттағы ең ірі гуманитарлық шаралардың бірі болып отыр.