Цифрлық дәуір азаматтық қоғамнан жаңа қадамдарды талап етеді. Елордада Қазақстан Азаматтық Альянсының аймақтық көшбасшылары дәл осы мәселені талқылап жатыр. Қазір жаңа технология жай ғана тренд емес, халықтың өмір сүру сапасы мен құқықтық мәдениетін көтерудің басты құралына айналып отыр. Осы орайда арзан абырой іздегендердің емес, қоғамдық ұйымдардың үні естілуі тиіс, дейді депутат Мұрат Әбенов.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ» ЗТБ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір жаңа Конституция қабылдадық. Адам құқығы ең бірінші кезекте. Бірақ кез келген қарапайым адамның үнін кім жеткізеді? Ол, әрине, осындай қоғамдық ұйымдар. Өкінішке орай, барлық кезде бірдей емес. Қазір шешім қабылдаған кезде жеке бір адам, блогерлердің ғана дауысы естіледі. Шешім қабылдағанда қате шешім шығарылуы мүмкін. Осындайда дұрыс шешім қабылдау үшін қоғамдық ұйымдар болуы керек.
Аймақтардағы азаматтық сектор тек мінберден сөйлеп қана қоймай, жергілікті халықтың құқықтық әрі цифрлық сауатын көтеруге көшкен. Өйткені жаңа технологиялар мүмкіндіктермен бірге түрлі қауіп-қатерді де ала келді.
АЯУЖАН ӘШІМОВА, ШҚО ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінгі таңда цифрландырудың дамуына байланысты азаматтар жеңілдіктермен қатар тәуекелдерге де келіп отыр. Бұл бағытта әрбір қоғамдық ұйым өзінің жұмысы аясындағы жұмыстарын күшейтуге де мүмкіндік алды. Дегенмен де басты сұрақтың біреуі азаматтардың осы цифрлық қоғамға дайындығына келіп тіреледі. Осы тұрғыда әрбір қоғамдық ұйымдар, әсіресе Азаматтық Альянс, құқықтық сауаттылықты, сандық сауатын арттыруда үлкен жұмыс атқарып жатырмыз.