Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Жаңа Конституция: білім беру жүйесі басты назарда

Жаңа Конституцияның ресми қолданысқа енгізілуіне бір айдан сәл астам уақыт қалды. Осыған дейін Ата заңның сиясы кеппеген нұсқасы бойынша жер-жерде жүздеген талқылау өтіп, халыққа түсіндірілді. Еліміздің басты құжатынан көптеген өзекті тақырып көрініс тапқан. Бұдан былай мемлекет адами капиталды дамытуға баса назар аударады.

Келешек білім беру жүйесі жаңа деңгейге өтті. Енді тақтаға есеп шығарып, кітаптан оқып түсінік айту келмеске кетеді. Себебі заман талабы ауқымды реформаға итермелейді. Бұдан былай басымдық адами капиталды дамытуға беріледі. Мәселен, Жаңа Конституцияда білім беру, ғылым, инновация алғаш рет жоғары деңгейде бекітілді. Сондай-ақ осы бағыттар мемлекеттік саясаттың стратегиялық, қоғамның басты құндылығы деп бағаланды. Десе де қазір білім саласында проблемалар жетерлік. Ендігі басты міндет — осы олқылықтарды шешу.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде қызмет көрсетті, болды. Оған ақшасын беру керек дейміз. Бірақ қызметтің сапасын бақыламаймыз. Мысалы, өткен жылы Президент айтты, көтерді. Балабақшалар, жеке мектептер деп, жеке мектептер, 75% ғимарат сәйкес келмейді, ішіндегі жабдық сәйкес келмейді. 65% мұғалім сәйкес келмейді.

Жаңа Конституция келесі негізгі векторларға басымдық береді. Енді экономика ресурсты-шикізатты қалыптан интеллектті дамытуға қарай ойысады. Сондай-ақ негізгі заң орта білім берудің міндетті және тегін қамтамасыз етілуін бекітеді және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жалпыға міндетті білім беру стандарттарын айқындайды.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жеке балабақшалар, мені тексермеңдер, біз бизнеспіз. Айналайын, бизнес емессің сен! Сенің міндетің Жаңа Конституция бойынша сапалы білім беру. Мемлекет сол үшін өзіне кепілдік алды. Мен балаларды сапалы оқытамын. Себебі ертең ол бала жұмыс істеу керек. Бизнес жасау керек. Ғылыммен айналысу керек.

Сондай-ақ Жаңа Конституцияда Құрылтай мәртебесі айқындалған. Биылғы жылдың ең басты саяси оқиғасы жақындап келеді. Алдағы уақытта еліміз бір палаталы парламент жүйесіне ауысады. Ал ең жоғарғы заң шығарушы органға Құрылтай деген атау беріледі. Қазір Мәжіліс пен Сенат депутаттары шабадандарын жинап, соңғы нормаларын бекітіп жатыр. Десе де жаңа Құрылтайдан барлығы да үмітті.

САМАТ НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Проблема жоқ емес. Шешіп жатырмыз. Белсенділік дегенде 3 жылдан кейін тарап жатырмыз ғой. Біраз нәрсе істеп үлгермей қалдық. Бізден кейін келген Құрылтай депутаттары жасайды деген ойдамын. Енді оны бірінші халық шешеді. Екіншіден, партияның басшылығы шешеді.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта елімізде Халық кеңесі деген орган құрылады. Бұл тұрғындардың мүддесін ашық көтеретін жер. Ол қоғам мен мемлекет арасындағы диалог алаңы ретінде қарастырылады. Кеңестің құрамында республикадағы этнос өкілдерінен 42 адам, қоғамдық бірлестіктерден 42 және өңірлердегі мәслихаттардан 42 өкіл болады. Бұл жергілікті жердегі жағдайды ескеруге мүмкіндік береді.

ЕЛДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Қазақстан Халық кеңесі тұрақты алаң болады. Оның бір ерекшелігі, ол тек қана мәселелерді талқылап қоймайды. Ол сол мәселелерді заңнамалық тұрғыда ұсына алады. Яғни, заң шығару бастамасы болады. Осы негізгі ерекшелігі. Бұл, әрине, заң шығарушы орган емес. Дегенмен, консультативтік орган.

Қорыта айтқанда, Жаңа Конституция — уақыт талабына сай жаңарған қоғамның құндылықтары мен басымдықтары айқындалған еліміздің басты құжаты. Ал азаматтар өзгерістерді көп ұзамай сезіне бастайды. Себебі елдің ең басты байлығы — халық. Ата заң дәл олардың құндылығын басты орынға қояды.

← Все новости