1 шілдеден бастап елімізді үлкен саяси өзгерістер күтіп тұр. Кеше Мемлекет басшысы бес бірдей конституциялық заңға қол қойып, елдің басқару жүйесіне тың серпін беретін реформалардың жолын ашты. Айта кету керек, Президент тек бір рет жеті жылдық мерзімге сайланып, қайта сайлану құқығынан айырылады. Саяси бейтараптықты сақтау үшін ешбір партияға мүше бола алмайды. Сондай-ақ жақын туыстары басшылық лауазымдарды атқаруға заң жүзінде тыйым салынады. Ең басты жаңалық – Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта қолданысқа енгізіледі. Бұл қызмет иесі Президенттің сенімді өкілі ретінде мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіп, ел басшысының тапсырмаларын орындауға атсалысады. Сарапшылар бұл қадамдарды республикамыздың тарихындағы ең ауқымды саяси жаңғырулардың бірі деп бағалап отыр. Яғни алдағы айлар мемлекетіміздің саяси келбетін түбегейлі өзгертетін маңызды кезең болмақ.
ЮЛИЯ КОСТЯНАЯ, ҚР ПІБ ЖАНЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫ ЖЕКЕ ЗАҢНАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл мемлекеттің саяси жаңғыруы үшін маңызды кезең. Өйткені жаңа Конституцияның қабылдануы заңнаманы оған сәйкестендіруді талап етеді. Яғни Ата заң ережелері іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі үшін тиісті заңдар қабылданып жатыр деген сөз. Бұл құжаттар арқылы елдегі мемлекеттік басқару жүйесі неғұрлым тұрақты әрі түсінікті бола түседі. Себебі әрбір мемлекеттік органның өкілеттігі мен міндеттері нақты айқындалған. Сондай-ақ басты назар билік тармақтарының тұрақтылығына, үйлесімділігіне және өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге аударылған.
Тағы бір маңызды шешімдердің бірі – Құрылтай мәртебесінің заңмен бекітілуі. Осылайша санаулы айдан кейін еліміз екі палаталы жүйеден бас тартып, Сенат пен Мәжілістің орнын басатын бір палаталы Парламентке көшеді. Жаңа заң шығарушы органның депутаттары партиялық тізім бойынша сайланып, бес жыл қызмет атқарады. Ал Парламент төрағасы мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Ол депутаттардың арасынан жасырын дауыс беру арқылы таңдалады. Бұл өзгеріс заң қабылдау процесін жеңілдетуде маңызды рөл атқарады, дейді саясаттанушы.
УӘЛИХАН ҚАЙСАРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Процедурасы жеңілдейді. Ол шын мәнінде солай. Өйткені екі палаталы парламентте алдымен бір палата, одан кейін 60 күн ішінде екінші палата – Сенат қарастыруы керек еді. Мысалы, бір төменгі палатада 1 жыл болуы мүмкін заң жобасы. Одан кейін жоғары палатада тағы да бірнеше ай болуы мүмкін. Одан кейін келісім комиссиясы пайда болатын. Енді ондай болмайтын болады. Тек қана бір палата өзі заң қабылдайды.
Президент қол қойған маңызды заңдардың тағы бірі – «Халық кеңесіне» қатысты құжат. Енді жаңа органның өкілеттігі кеңейіп, оның мүшелері Құрылтайға заң жобаларын ұсынып, референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Бұдан бөлек, кеңеске Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін ұйымдастыру міндеті жүктелмек. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты заңдарға да қол қойды. Бұл құжаттар бас қаланың дамуы мен өңірлердің басқару жүйесін жаңа талаптарға сай реттеуге бағытталған. Жалпы, бұл қабылданған заңдар елдің саяси құрылымын жаңартып қана қоймай, мемлекет басқару тетіктерін заман талабына сай бейімдейді.