Перейти к содержимому
· 1 просмотр

Әлем жаңалықтары

Бір айналдырса, шыр айналдырады деген. Тынық мұхиты аймағынан маза кетті. Кеше ғана жойқын жер сілкінісі болған Оңтүстік-Шығыс Азия енді алапат цунамиге жанталасып дайындалып жатыр. Әсіресе Жапония билігі күл мен шаң басқан Кюсю аралынан азаматтарын жапа-тармағай көшіріп әлек. Алайда дамыған елдің аты дамыған, озық технология мен заманауи дабыл жүйесінің арқасында бірде-бір адам жапа шекпепті.

ЭКОНОМИКА ӨСІП ЖАТЫР. СОЛТҮСТІК КОРЕЯ

Әлемде қатты қарқынмен дамып келе жатқан елдердің рейтингісі жарияланды. Бұл тізімнің басында сол баяғы Сингапур мен Люксембург тұр деп ойласаңыз, қателесесіз. Жаһандағы экономикасы ілгерілеген мемлекеттердің көшін Солтүстік Корея бастап тұр. Бұл көрсеткішке Демократиялық Республика өз өнімін көптеп шығару арқылы қол жеткізген. Сондай-ақ Қытайдың да қолдауы дем берген екен. Корей түбегін ұдайы бақылайтын халықаралық басылымдардың дерегінше, елдің саяси элитасының жағдайы айтарлықтай жақсарған көрінеді. Ал ел үкіметі соңғы уақытта қару-жарақ саудасын мықтап қолға алған. Тіпті Пхеньян жаһан қауымдастығының санкцияларына қарамастан дамудың даңғыл жолына түскен. Мәселен, мейрамханалар туристерге батыс мәзірлерінен тағам ұсынып, карта мен QR-код арқылы төлем жүйесін енгізген.

ҚҰРБАНДАР САНЫ АРТТЫ. ФИЛИППИН АРАЛДАРЫ

Филиппиндегі жойқын жер сілкінісінің құрбандарының саны 30 адамнан асты. Алайда Минданао аралында опат болғандардың тізімі күн санап толығып келеді. Себебі үйінді астында қалған тұрғындардың нақты саны белгісіз. Табиғи апаттан аймақта 6200 мектеп қирап қалды. Ал осы жарамсыз білім ошақтарында 3 млн-нан астам бала оқиды екен. Сонымен қатар 130 мыңға жуық мұғалім жұмыссыз қалды. Айта кету керек, жер асты дүмпуі Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында екі күн бұрын тіркелді. Филиппин аралдарында тербеліс магнитудасы 7,8-ге жеткен. Елдің табиғи сейсмология институтының дерегінше, апаттан соң бірнеше афтершок қайталаныпты.

БҰҒАЗДЫҢ НЕ СИҚЫРЫ БАР? ИРАН

Иран әскері Ормуз бұғазын неліктен қызғыштай қоритыны белгілі болды. Ислам Республикасы стратегиялық канал арқылы қазынаның бір жыртығын жамап отыр екен. Иран парламенті бюджетті жоспарлау комиссиясының өкілі Мохсен Занганенің сөзінше, су айдынын кесіп, жол қысқартқан кез келген кеме қазынаға 2 млн долларға дейін жарна төлеуге міндетті. Сондай-ақ ресми Тегеран кейбір компаниялардан ақыны криптовалютамен де қабылдайтын көрінеді. Бартерлік келісім арқылы да есеп айырысуға мүмкіндік бар. Ормуз бұғазының жұмысын қадағалау үшін мемлекет арнайы орган құрған. Ал қыруар жарнаның ішіне барлық қызмет кіреді. Мәселен, Ормуз бұғазы аумағында арнайы мамандар кеменің қауіпсіздігін, спутниктік байланыспен қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда әскерилер құтқару-іздестіру операциясына да көмектесуге дайын.

ЖАСАНДЫ ЕТ ШЫҒАРЫЛУЫ МҮМКІН. НИДЕРЛАНД

Ет өндірісі жаңа деңгейге шықты, Нидерландта ерекше қожалық ашылды. Ол жерде төрт түлік жоқ. Тек жасанды ет өсіріледі. Ғалымдар «жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіретін» асты қолдан дайындап шығаруды көздеп отыр. Қызғалдақтар елінің мамандары ол үшін жан-жануардың ұлпасын пайдаланады екен. Схиплёйден елді мекеніндегі отбасы фермасы ерекше тәжірибе алаңына айналды. Негізі бұл ауқымды жобаны корольдікке танымал Виллем ван Элен есімді ғалым бастап кеткен екен. Оның көзі кеткен соң теңдесіз жұмысты соңына дейін жеткізу міндетін ұрпақтары өз мойындарына алған. Нақтырақ айтсақ, стейкке арналған еттер арнайы 200 литрлік биореакторларда өсіріледі. Ал Оңтүстік Голландия аймағы жобаға 500 мың еуро қаржы бөлген. Әзірге мамандар жасанды етке деген сұранысты зерделеп көрмек.

← Все новости