Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Таразыға түскен бала тағдырлар

Шалағы көп балаларға қатысты жайт жалғыз бұл емес. Жаһанда жыл сайын дәл осындай оқыс жағдайлардан 1 миллион бала көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген дерегі осындай. Ұл-қыздың қазасы әсіресе жазғы каникул кезінде көбейетіні де анықталған. Расымен, айнала қауіпке толы. Бір шетінен зулаған көлік, ойламаған жерден тұтанатын өрт, тағы бір жерде тозығы жеткен аттракцион балғындардың ажалына себепші болып жатады. Балаға бас-көз болмаудың соңы тағы қандай трагедияға алып келеді және одан сақтанудың жолдары қандай?

Жол апатынан зардап шеккен балалардың статистикасы жаға ұстатады. Сұмдық оқиғаның бірі өткен айдың соңында елордада тіркелді. Салмағы зілдей бетон араластырғыш жүк көлігі бұрылыста велосипедпен шыға келген баланы таптап кетті. 10 жастағы оқушы оқиға орнында көз жұмды.

Шымкенттегі жағдай да қабырға қайыстырады. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 11 жастағы жеткіншекті КамАЗ қағып кеткен. Қарындасымен дүкенге шыққан бала ауыр соққыдан сол жерде жан тапсырды.

Тізе берсек, мұндай жан түршігерлік оқиғалар аз емес. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, апаттар көбіне қала ішінде жиі тіркеледі.

ГҮЛНҰР ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 3000-нан астам ЖКО тіркелді. Онда 71 бала қаза болып, 4 мыңнан астам бала түрлі дене жарақатын алды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ЖКО тіркелген саны 2,4 пайызға төмендесе, жарақаттанғандардың саны 1,7 пайызға төмендеді.

Қайғылы жағдайларға тек көлік апаты емес, жасөспірімдер арасындағы қауіпті трендтер де себеп. Соның бірі – «Жүгір немесе өл» ойыны. Балалар өзара бәстесіп, жүйткіп келе жатқан көліктің алдынан кесіп өтуді әдетке айналдырған. Жақында Астанада 13 жастағы оқушы бағдаршамдағы қызыл түске қарамай жолға атып шығып, көлік астына түсті. Қазір жағдайы ауыр.

Қанша ескерту айтылса да, қара жолдағы оқиғалар тыйылар емес. Енді Оқу-ағарту министрлігі жол жүру ережелерін жеке пән ретінде оқытуды қолға алмақ.

ЖОМАРТ КАРАМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Балаларды жолда жүру ережелеріне оқыту жұмысы білім берудің барлық деңгейіндегі типтік оқу бағдарламалары аясында және сыныптан тыс іс-шаралар арқылы жүргізіледі.

Су айдындарындағы жағдай да мәз емес. Жыл басынан бері 10 адам суға батып көз жұмса, соның жетеуі бала. Сондықтан құтқарушылар өзен-көлдердегі бақылауды барынша күшейтіп жатыр.

Қауіп тек сыртта емес, үй ішінде де аңдып тұр. Көпқабатты үйлердің терезесінен құлау оқиғалары да жиіледі.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Көп ата-ана терезеге осындай тор орнатылса, балаға еш қауіп жоқ деп алаңсыз жүреді. Алайда бұл – үлкен қателік. Өйткені мұндай нәрсе қорғаныш құралы емес. Қызық қуған бүлдіршін оған сүйенсе болды, тор шыдас бермей, екпінмен әрі қарай кетіп қалуы бек мүмкін.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері биіктен құлаған 21 баланың төртеуі көз жұмды. Ал өткен жылы дәл осындай 58 оқиға тіркеліп, 14 сәби тіл тартпай кетті.

ӘСЕМГҮЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы Астана қаласында өте көп балалар терезеден құлап жатқанын естіп жүрміз. Жаңалықтардан да, көршілерден де естіп жүрміз. Өте қауіпті нәрсе бұл.

Жағдайдың ушығуына байланысты төтенше жағдайлар қызметі көпбалалы отбасылардың пәтерлеріне арнайы терезе бұғаттағыштарын тегін орнатып бере бастады.

ӘРЛЕН БҮРКІТБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең басты қауіп – баланы жалғыз қалдыру. Кішкентай балаларды жалғыз қалдырып, терезені ашып кетеді. Негізі терезе блокираторы, басқа да торлар орнатылса қауіпсіз болады деп ойлаймыз.

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада». Алайда қазір кейбір ата-ана бала тәрбиесінен гөрі күйбең тірлікті алдыңғы орынға қоятындай. «Әкелер одағының» өкілі осылай дейді. Уақыттың жоқтығын сылтауратып, бала қауіпсіздігіне бейжай қарау – кешірілмес қателік.

МАҚСҰТБЕК АЙТМАҒАНБЕТ, «ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Ата-аналарымыз 90 жылдары көңіл бөлуге уақыт болмаса да, жағдайымызды жасап отырды, айтатын нәрсесін айтып отырды. Қазір енді «жұмыс бастымын, балама уақытым жетпейді» деу дұрыс емес. Олай болатын болса, бала туып та керек жоқ деп ойлаймын. Өйткені баланы өмірге алып келгеннен кейін баланың бүкіл жағдайын жасау керек.

Мамандардың айтуынша, басты қателік – ата-ананың бейқамдығы мен шектен тыс еркіндік беруінде. Қазіргі буын «баламен дос болу керек» деген қағиданы қате түсініп, ата-ана мен бала арасындағы шекараны бұзып алған.

ЗУХРА АБДІРАХМАНОВА, ПСИХОЛОГ:

Көп ата-аналар қазір мынадай дағдыны қолданады: «Мен балаларыммен дос ретінде сөйлесемін» деп. Мен қарсымын. Маман ретінде қарсымын. Баламен дос болмау керек. Баламен үлкен, өзін білетін ересек болу керек. Сіз нақты оңыңыз бен солыңызды ажырата білуіңіз керек.

Бала өміріне қауіп төндіріп, міндетін тиісінше орындамағандарға заң да қатаң. Жыл басынан бері өз баласына салғырт қараған 16 мыңға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылды.

БОТАКӨЗ ЖАЛЕКЕШОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЮВЕНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ, ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГІ:

Заңды өкілдер балаларының тәрбиесімен айналыспаған жағдайда, қараусыз қалдырған жағдайда немесе білім беру ұйымдарына белгісіз себептермен бармаған жағдайда ата-ана міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Бұл жерде бірінші 3 АЕК-тен 7 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе бес күндік қамаққа алынады.

Әлбетте, баланың бәрі қараусыз қалды деуден аулақпыз. Жазғы демалысын тиімді әрі қауіпсіз өткізіп жатқандар да жетерлік. Мысалы, қазір жазғы лагерьлер ойын-сауықтан гөрі қауіпсіздік сабақтарына басымдық бере бастады.

АЙНАГҮЛ БАЙМУСИНОВА, №59 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз ескерттік. Көп қайғылы оқиғалар болып жатыр. Сол себепті бала міндетті түрде лагерьде жүрсе де осындай керекті мағлұмат алып, есіне сақтауы керек. Яғни, олар қазір көріп, өздері велосипед жүргізеді, самокатпен жүреді. Сол жерде балалар тез қабылдап алады.

РАХЫМБЕК, ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Балаларды әртүрлі элементтерден өткіземіз. Бұл жерде қырағылығы, содан кейін ептілігі айқындалады. Сондықтан осының бәрін шыңдаймыз, осындай элементтерден өткізіп.

Жазғы демалыстың басталғанына бір ай да толған жоқ. Бірақ ел ішінде қайғылы хабарлардың легі толастар емес. Сондықтан мамандар ата-аналарды барынша қырағы болуға және бала назарын бір сәтке де таса қылмауға шақырады.

← Все новости