Каспий тартылып барады деп жыл сайын экологтар дабыл қағады. Жағадан алыстаған асау толқындар артынан мың қатпар ізін қалдырып, мұң қатқан көңілді мұздата түседі. Сумен бірге ондағы тіршіліктің де тынысы тарылып бара жатқаны әмбеге аян. Теңіздің басты қазынасына баланған итбалықтардың саны жыл санап сиреп барады. Сүтқоректінің арам қатуына бірнеше себеп бар. Соның ең негізгісі – теңізде жейтін азықтың азаюы.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Каспийде итбалықтар жаппай қырылуда. Соңғы бір айдың өзінде жағалаудан 300-ге жуық теңіз жануарының өлексесі табылды. Мамандар мұны экологиялық апат деп бағалап, дабыл қағуда. Алайда ғалымдар сүтқоректілердің бұлай жаппай қырылуына нақты не себеп болғанын әлі де дөп басып айта алмай отыр.
Теңіз жануарының дәл осы түрін әлемде тек Каспийден табасыз. Теңізден де төбе көрсетпейді, мұхиттан да ізін таппайсыз. Табиғат маңғаз Маңғыстауды оған мекен етіп сыйлаған. Ғалымдардың дерегі бойынша, каспий итбалығының осы су айдынында пайда болғанына екі миллион жылдай уақыт өткен. Егер 20 ғасырдың басында теңізде миллионға жуық сүтқоректі болса, бүгінде олардың саны еселеп кеміген. Соңғы жылдары жағалаудан жүздеген өлексе табылуы жергілікті жұрттың да мазасын қашырды.
ОРАЗ БЕГЕБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Енді бұлар экология бұзылып жатыр ғой. Мұнай төгіліп жатыр теңізге. Бұрын мұндай ештеңе жоқ еді. Бұрын бірең-сараң болатын. Бұлай өлмейтін. Мынау өліп жатыр ғой, міне.
Итбалықтардың жаппай қырылуы қоғамды алаңдатқан соң мемлекет жең түріп іске көшіп, қорғауды қатаңдатты. Каспий итбалығын сақтау үшін арнайы мемлекеттік табиғи резерват құрылды. Басты міндет – жануардың мекен ету аумағын бақылау, ғылыми зерттеу жүргізу және популяцияны сақтау. Бүгінде орталық мамандары теңіз жағалауындағы әрбір өлексені тіркеп, дерек жинап, ғалымдармен бірлесіп мониторинг жүргізеді.
САМАТ ЕРҒАЗИЕВ, КАСПИЙ ИТБАЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ РЕЗЕРВАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Соңғы кездері жағдайларына байланысты өлекселердің шіру деңгейі екі мен төртінші санатта болғаннан кейін көп жағдайда сынама алуға мүмкіндік болмай жатыр. Мамандардың айтуы бойынша, ветеринарлар бар. Және де жоғарыда айтқан мамандарының айтуларына сәйкес. Қазіргі таңда 30 қызметкеріміз бар. Соның ішінде 5 маманымыз ғылыми мамандығы бойынша. Ихтиологымыз бар, биолог, экологымыз бар. Жас мамандар қызметке алынып, жұмыс істеп жатыр.
Орталық басшысынан бес бірдей маманның осы күнге дейінгі зерттеу жұмыстарының қорытындысын сұрадық. Сөйтсек, жас ғалымдар әлі нақты бір байламға келмепті. Ай сайын теңіз жағалауынан жүзден аса итбалықтың өлексесі табылады. Осы тұста сынама алу үшін Алматыдан да арнайы зерттеу тобы келеді. Нақтырақ айтсақ, Гидробиология және экология институтының қызметкерлері. Жұртты алаңдатқан сауалды оларға да қойдық.
ЖАЗИРА СЫДЫҚОВА, ГИДРОБИОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
2025 жылы алынған ішкі органдардың сынамасында олардың жалпы иммунитеттерінің төмендеуі, қоршаған ортаның әсерінен жай-күйінің төмендеуі байқалады. Кездескен итбалық денелері механикалық зақымға ұшырамаған болса, дәл қазір олардың неден өлгенін қандай да бір инфекция, болмаса эпидемиялық ауру түрлеріне жатқызу өте қиын. Өйткені дененің ыдырауы қажетті сынаманы алуға мүмкіндік беріп отырған жоқ.
Институт қызметкерінің уәжі осы. Дәлел-дәйек іздеп, халықаралық ғалымдардың зерттеуіне көз жүгірттік. Олардың пайымдауынша, Каспийдегі белсенді мұнай-газ бұрғылау жұмыстары мен теңіз түбінен бөлінетін улы метан газы ескекаяқтылардың қырылуына себеп болуы мүмкін. Ал жаһан жұршылығын алаңдатқан мәселеге қатысты жауапты министрлік өкілі былай дейді.
АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өздеріңіз білетіндей, мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Итбалықтардың қырылуы табиғи құбылыс. Бұдан бөлек, теңізге газдың бөлінуі де себеп. Каспий теңізіндегі қатты толқындар итбалықтарды жағаға шығарып тастап жатыр. Біз барлық қажетті сынамаларды алдық. Қазір зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ғалымдар теңіз жануарларының денесінен ешқандай ауру белгісін анықтаған жоқ.
Ақ жағалылар аурудан өлмегенін алға тартты. Сонда сүтқоректі неге қырылып жатыр? Санадағы сан сауалды белгілі эколог Орынбасар Тоғжановқа қойдық. Ғалым бар мәселе теңізге құятын өзендерде дейді.
ОРЫНБАСАР ТОҒЖАНОВ, ЭКОЛОГ:
Итбалықтың азаюы және оның жиі өлімге апаруының ең басты себебі – азық-түлік қорының азаюы. Каспий теңізінде итбалық жейтін азық-түлік жоқтың қасы. Еділдің бойында 11 СЭС бар. 11 бөгет бар. Ендеше, осы 11 бөгетте әрқайсысының жоғарғы жағынан жиналып келген биогендік элементтер су қоймасына келеді де, тұнады.
Ғалым Каспийге құятын өзендердегі бөгет көбейген сайын итбалықтың саны азая беретінін айтты. Ал жыл сайын тұқымы құрып бара жатқан теңіз жануары жайлы ауыл ақсақалы естеліктерімен бөлісті. Көнекөз қариялардың айтуынша, баяғыда теңіз жағалауы итбалыққа толы болған деседі.
ШАПАҒАТ ҚАЖИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Кезінде әкем айтып отырушы еді. Мына жақтан итбалықты да ауладық. Өзінің мезгілінде балық шығады. Жағада жатады. Мұздың үстінде күшіктейді. Сол уақытта итбалықты ауладық дейді. Ол уақытта тонна лап емес, мыңдаған тонна итбалықтарды аулап, ол уақытта сұраныс болған болу керек. Терісін де өткізеді. Майын да өткізеді.
Көкайдынның ажары Каспий итбалығы тек Маңғыстаудың ғана емес, күллі адамзаттың ортақ қорғауына зәру. Жағалауға шығып қалған әрбір өлексе жай ғана статистика емес, бұл – теңіздің жанұшыра қаққан дабылы! Итбалық азайған жерде теңіздің де тынысы тарылып, тұтас экожүйенің алтын арқауы үзіледі. Сондықтан уақытты құрғақ уәде мен жауапсыз болжамдарға сарп ететін кез өтті. Ендігі үміт – халықаралық деңгейдегі нақты іс пен батыл шешімде. Өйткені бүгін әрекет етпесек, ертең тым кеш болады…