Шағын және орта бизнес үшін табыстан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді біріктіріп, оның орнына бірыңғай төлем енгізу қажет. Бұл бастаманы Мәжілісте Берік Бейсенғалиев көтерді. Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлерге арналған қазіргі есеп-қисап жүйесі тым күрделі.
Мәселен, бухгалтер әр қызметкер үшін ай сайын 7–8 түрлі төлемді бөлек есептеп, әртүрлі базаға аударады. Бұл жүктемені көбейтіп, бизнес иесінің жаңа жұмыс орындарын ашуына да кедергі келтіреді екен. Депутаттың сөзінше, Грузияда бірқатар салық қысқартылып, орнына бірыңғай жүйе енгізілген. Сол сияқты Эстония, Швеция және Сингапурде де төлемдер біріктіріліп, мемлекет оларды автоматты түрде тиісті қорларға бөліп отырады екен.
БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Жұмыс берушінің барлық төлемдерін – әлеуметтік салықты, әлеуметтік аударымдарды, МӘМС жарналарын және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын бір әлеуметтік төлемге біріктіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. «Бір қызметкер – бір база – бір есеп – бір төлем» қағидаты бойынша. Бұл тәсіл бизнестегі әкімшілік жүктемені едәуір азайтып, бухгалтерлік шығындарды қысқартады, есеп айырысудың ашықтығын арттырады және еңбек қатынастарын заңдастыруға қосымша ынталандыру береді.
Берік Бейсенғалиев Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында Үкіметтен бұл ұсынысты жан-жақты қарап, салық жүйесін жеңілдетудің жолдарын қарастыруды сұрады.