Кейде жүргізушілер ақылы жолға жауап беретін мамандардың ішін кептіріп жатады. Қыста жол уақытылы тазартылмайды, жолға тұз себілмейді деген шағымдарды жиі естиміз. Ал жазда дәретханаларға қатысты дау көбейеді. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар демекші, мәселенің бір тұсы өзіміз – жүргізушілер мен жолаушылар.
Бұл «ҚазАвтоЖол» мамандары таратқан видео. Роликті қарап отырып, ауыр ойдың шырмауына түсесің. Жолдан шаршаған жүргізушілер бел жазсын деп салынған кэмпингтерде күнделікті осындай жүздеген жағдай тіркеледі. Бірі көліктен түсе салып дәрет сындырса, екіншісі қоқыс тастап кетеді.
АҢСАР ӘБІЛХАСАН, ЗАҢГЕР:
Негізі мұндай заң бұзушылық жасаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көп жағдайда айыппұл салынады. Мөлшері 15 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Бірақ келтірілген залалға байланысты айыппұл да артуы мүмкін. Мысалы, жерге кәмпиттің қағазын тастасаңыз, ұсақ бұзақылық бабымен жауапқа тартыласыз.
Ірі қалаларда да жағдай мәз емес. Қоғамның әзірге тазалық мәдениеті ақсап тұр. Бұл ащы да болсын шындық. Мәселен, бас қаладағы санаулы айға созылатын аптап ыстықтарда тұрғындар саябақ жағалап, көкке шыққыш болып кетеді. Демалған дұрыс қой. Бірақ сол отырыстан кейінгі жағдай адам көргісіз. Саябақ әп-сәтте құдды бір қоқыс полигонына айналып шыға келеді. Ал осындай азаматтардың соңын өрімдей оқушылар жинап жүр.
АНАСТАСИЯ МЕДВЕДЕВА, ВОЛОНТЕР:
Біз саябақтарды қоқыстан тазартуға жиі шығып тұрамыз. Бірақ кейде есіл еңбегіміз далаға кететін сәттер де болады. Мысалы, бір күн таңертеңнен кешке дейін жинап кеткен жеріміз ертеңіне тағы шашылып жатады. Көп жағдайда жұрт көкке шығып, отырған орындарын жинамай кетеді. Пиццаның қораптары, сусыннан босаған ыдыстар қалып қояды. Қоршаған ортаны аялау барлығымыздың ортақ міндетіміз. Осыны тұрғындар түсінсе екен дейміз.
Десе де қоғам оңалар деген үміт те жоқ емес. Волонтерлер қоқыс тастау мәдениеті соңғы уақытта сәл де болсын көтерілгенін растап отыр.
НҰРӘЛІ ЕРҒАЛИЕВ, ВОЛОНТЕР:
Менің ойымша, қазіргі таңда, көбіне осы 3 жылдың ішінде адамдардың табиғатқа деген көзқарасы бірнеше жақсарды. Мен бірінші жұмыс істеген уақытта осындай парктерде қоқыс көп болды. Көріп жатамыз, кейбір адамдар қоқысқа тастамай, жерге тастай салады. Шемішке шаққан уақытта да жерге лақтырады.
Жергілікті әкімдік қоршаған ортаны таза ұстау жұмыстарына жастарды тартып отыр. Оқушылар жазғы демалыс уақытын пайдалы өткізіп, қосымша табыс табуға да мүмкіндік алды. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1700 волонтер тартылып, Астананың саябақтарын күл-қоқыстан тазартуға кірісті. Мұндай науқан тамыз айының соңына дейін жалғасады. Ал еріктілерге 72 мың теңге көлемінде айлық төленеді.
ЕРЛАН АЙДАР, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Таза Қазақстан – бұл тек қана аумақты тазартып, көшет отырғызу мен шөп жұлу емес. Мұның мағынасы өте тереңде жатыр. Негізі әр адам тазалықты өзінен бастауы тиіс. Ойдың тазалығы, өзіңіздің айналаңыздың тазалығы да маңызды рөл ойнайды. Біз осы мақсатта «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл науқан аясында елорда жастары қала тазалығына үлес қоса алады.
Таза қала бағдарлама мен волонтерлерден ғана тұрмайды. Бұл қоқыс тастау мәдениеті мен әр адамның ішкі түйсігіне байланысты. Тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастамай, арнайы орынға апарып төгу, темекі тұқылын далаға лақтырмау – осының барлығы титтей жұмыс болса да, тазалық сақтауда мұның мәні арта түседі.