Мемлекет басшысы айтқан осы бір ерен еңбек пен қажыр-қайраттың нақты көрінісін күнделікті перзентханалардан көруге болады. Әсіресе, өмір есігін ерте ашып, әрбір тынысы үшін арпалысып жатқан шақалақтарды аман алып қалу – нағыз ерлік. Бұрын қазақ шала туған баланы тымаққа салып бақса, бүгінде заманауи медицина мен білікті дәрігерлердің арқасында салмағы бір келіге де жетпейтін нәрестелер «әйнек бесікте» жетіліп жатыр. Тіпті олардың сапалы өмір сүруіне толық мүмкіндік бар. Секундтар мен грамдар үшін жанталасатын неонатолог дәрігерлердің бір күндік жұмысы қандай?
Қарлығаш Тоқанқызы – шала туған нәрестелердің ғұмыры үшін күресіп, ата-аналарға үміт сыйлап жүрген жандардың бірі. Қыбырлаған, мейлінше өмірге құштар шақалақтарды адам қатарына қосып келе жатқанына, міне, 25 жыл. Осындай сәбиді ең алғаш қолына алған сәті әлі есінде.
ҚАРЛЫҒАШ РАИСОВА, НЕОНАТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Жас кезімде мен екінші деңгейде істедім. Ол кезде біздің медицина мұндай деңгейде болған жоқ. Алғашқы жұмыс бабында 2003 жылдары 900, 800 грамдық баланы алып шыққанымыз бар. Кей кезде сол балалар есіме түседі. Олар қазір жиырмадан асқан.
Ширек ғасыр бойы өз ісінен жалықпаған дәрігер «әйнек бесікте» құндақталған нәрестелер үшін талай қуанған. Көңіліне қаяу түскен сәттер де аз емес.
ҚАРЛЫҒАШ РАИСОВА, НЕОНАТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Әрине, біз де адам болғандықтан әрқашан жеңісті нәтижелер болмайды. Біздің қолдан келмейтін де шаралар бар. Сондай болады жұмыста. Бірақ алға қойған мақсатқа жүруге ол бізге кедергі болмайды.
МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:
Мүмкін бірі білсе, бірі білмес, бұрын қазақ халқы шала туған нәрестелерді арнайы тымақтың ішіне салып баққан. Өйткені бас киім аң терісінен жасалғандықтан, оның іші жылы деп есептелген. Ал қазіргі уақытта балалар осындай инкубатордың ішінде жатады. Және де ондағы ауа температурасы арнайы нұсқаулыққа байланысты, баланың салмағына қарай реттеліп отырады екен.
Міне, медицинаның осылай қарқынды дамуы әрі дәрігерлердің табанды еңбегі бүгінде шала туған сәбилердің өмірдің дүрмегіне қосылып, ата-анасымен қауышуына көп көмек береді.
ҚАРЛЫҒАШ РАИСОВА, НЕОНАТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Егер біз 10 жыл бұрын артқа қарасақ, біздің дәрігерлерде оларды аман алып қалу мақсаты тұрса, бүгінде біздің дәрежеміз оларға сапалы өмір сыйлау. 10 жыл бұрынғы статистикамен салыстырсақ, біздің Қазақстанда салмағы төмен келген сәбилердің өмір сүру көрсеткіші өте биік болып келеді.
Ана мен сәбидің бақыты үшін аянбай тер төгетін Қарлығаш сынды ақ халатты абзал жандардың қамқорлығын сезінгендердің қатарында Анар Іскендір де бар. 13 жыл күткен перзентін уақытынан ерте босанған. Дәрігерлердің жанкештілігінің арқасында бүгінде Аянатын бауырына басып, аялап отыр.
АНАР ІСКЕНДІР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Реанимациядан шықтық, қазір патология бөліміндеміз. Қарқынды емдеу бөлімінде болып жатырмыз. Апайлар көмектесіп жатыр. Ана сүтіне емізіп үйретті. Барлық дәрігерлер мен мейірбикелерге, кіші және үлкен аға мейірбикелерге алғысым шексіз.
Жалпы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 20 мың бөбек мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Бұл – елдегі жаңа туған сәбилердің жалпы санының 5-6 пайызы. Деректерге қарағанда, ерте туатын нәрестелердің үлесі Алматы қаласында өте жоғары – 13 пайыз. Сондай-ақ бұл көрсеткіш бойынша Түркістан және Алматы облыстары алдыңғы қатарда тұр. Астана мен Шымкент қалаларында да шала туған балалардың үлесі республикалық межеден асып кеткен.
ҚАРЛЫҒАШ РАИСОВА, НЕОНАТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Туған кезде салмағы 1000 грамнан төмен нәрестелер ең күрделі топқа жатады. Бұлар бүкіл туған нәрестелердің ішінде 0,3-0,4 пайызды құрайды. Егер, мысалы, 2025 жылы Қазақстан бойынша салмағы 1000 грамнан төмен 1356 бала дүниеге келді.
Мамандардың сөзінше, аналардың ерте босануына түрлі фактор әсер етеді. Соның ішінде келіншектердің бойындағы түрлі аурулар мен жүктілік кезіндегі асқынған дерттер және жас ерекшелігін айтуға болады. Бірақ соған қарамастан дәрігерлердің сапалы емі мен кең пейілі талай сәбидің өмірге аман-есен келуіне, аналардың сауығып кетуіне септігін тигізіп келеді. Ең үлкен қуаныш – анаға дүниеге әкелген сәбиін сыйлау. Жай ғана сыйлау емес, сапалы баланы сыйлау. Бұл – үлкен нәтиженің көрсеткіші.