Дәрігерлер шақалақ өмірі үшін қалай жанталасады? Алайда перзентханадан аман-есен шыққаннан кейін басталатын тағы бір үнсіз майдан бар. Біздің қоғамда барлық назар жаңа туған нәрестеге ауады да, оған өмір сыйлаған ана жиі ұмыт қалады. «Ана болу – бақыт» деген түсініктің кесірінен мыңдаған келіншек іштегі жан айқайын жасыруға мәжбүр. Төрт қабырғадағы бұл үнсіздік неге қауіпті? Декреттегі әйелді ауыр дағдарысқа түсіретін не? Және бұл кезеңде отағасының рөлі қандай болуы керек?
ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:
ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстандағы 60 пайыз әйел сәби сүйгеннен кейін күйзеліске ұшырайды екен. Зерттеулерге сүйенсек, депрессияның бірнеше деңгейі болады. Біріншісі – босанғаннан кейінгі эмоционалды тұрақсыздық. Бұл көбінесе 10-15 күнге созылады. Ал егер жас ана 2 айдан астам уақыт бойы көңілсіз, ашушаң болып, ешнәрсеге қызығушылық танытпаса, алаңдауға негіз бар. Өйткені мұның соңы психозға ұласуы мүмкін дейді мамандар.
ЖАНСАЯ ӘУЕЛБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Күйзеліс үлкен стресстен басталады. Басында өзі токсикоз деген процестер бар. Алдын ала бала күтіміне дайындалу деген нәрселерді ұмытып кетеді, бұған дайындалып үлгермейді. Ананың бірінші күннен бастап балаға жабысып қалуы, қарым-қатынастан, емін-еркін жүруден қалуы бар. Сол кезде сананың өзгеруінен олар ақпаратты толығымен таза қабылдай алмай қалады.
Мұндай белгілерді елордалық Әйгерім Жарылқасын өз бойынан байқаған. Ол көпбалалы ана. Күйзеліске алғаш босанғанда тап болған. Айтуынша, бастапқы уақытта тәжірибенің аздығы, ұйқының қанбауы қатты әсер етіпті. Жолдасы көбіне жұмыста болғандықтан, бала күтімімен өзі айналысқан. Осындай сәттерде ол төрт қабырғаға қамалып қалғандай сезініпті.
ӘЙГЕРІМ ЖАРЫЛҚАСЫН, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Маған босанғаннан кейінгі депрессия алғашқы 3 баламда сезілді. Ол алғашқы 3 бала менде қатар-қатар болғандықтан, жолдасым жұмыста, өзім сол 3 баламен қаламын. Олардың ауыратыны бар, оларды күнделікті серуенге алып шығатының бар, ауруханаға жатып қалатынымыз бар, жылайтыны бар. Ұйқысыз түндер, салмақтың қосылуы, әсіресе сол уақыт маған қатты әсер етті десем болады.
Егер күйзеліс ұзақ уақытқа дейін жалғасса, бұл депрессияның күрделі түрі болып саналады. Өкініштісі, келіншектердің көбі дәрігерлерге дер кезінде жүгінбейді. Тіпті кейбірі күйзеліске тап болғанын түсінбей де қалады. Себебі мұны қалыпты құбылыс деп санайтындар көп. Психологтар мұндай кезде жақын адамдармен ашық сөйлесіп, қолдау іздеу маңызды екенін атап өтті.
ЖАНСАЯ ӘУЕЛБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Ана жалғыз қалып қояды. Өйткені үйде жұмыс жасайтын күйеуі болады. Баласымен жалғыз қалып қалған кезде ешкім көмектеспейді, ешкім оған жағдай жасамайды, сол кезде үлкен күйзеліске ұшырауы мүмкін. Оларға қасында жүрген адамдардан қолдау жетіспейді. Сіз өзіңізге қараңыз, өзіңіздің денсаулығыңызға қараңыз, сізге қазір не қажет: демалу қажет пе, ұйықтау қажет пе, көмек сұрау қажет пе – соны адамдарға еркін жеткізуге тырысыңыз.
Аналар кеңесінің мүшесі Айнұр Бермағанбетова әйелдердің дені қоғамнан ұялатынын айтады. Психологиялық көмекке мұқтаж болса да, жасыруға тырысады. Кейбірінің мүмкіндігі бола бермейді. Осындай кезде орталық мамандарына жүгініп, тегін кеңес алуға болады екен.
АЙНҰР БЕРМАҒАНБЕТОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Негізінде бізде онлайнда, офлайнда анамен сөйлесу бар. Жас ананың күйзеліске ұшырауы – оның қандай күйде тұрғанын ішкі жан дүниесімен сөйлесе білуі керек. Өзіміздің орталықтарымыз бар. Сол орталықтарда сөйлесіп, әңгімелесіп, ішкі жан дүниесінде қандай күйзеліс болып тұр, шешілмей тұрған қандай сұрақтар бар – соны сұрап білеміз. Соның өзінде де «жолдасыма айтпаңызшы» я болмаса «үйдегілерге айтпаңызшы» деген жағдайлар болып жатады.
Ананың көңіл күйі отбасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан да декреттің алғашқы уақытында ерлі-зайыптылардың ашық сөйлесуі аса маңызды. Осындай пікірді ұстанған көпбалалы әке Марат Жұман бұл кезеңде көбірек жанұяңа көңіл бөліп, қамқорлық танытқан жөн дейді.
МАРАТ ЖҰМАН, ӘКЕЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ең басты түсінетін нәрсе – ол бар дүние. Көп ер кісілер оған мән бермейді. «Әке көмектеседі» деген түсініктен алыстау керекпіз. Өйткені көмектеседі деген сөздің өзі барлық жауапкершілік әйелде, ал әке тек көмекші сияқты сезіледі. Ер кісі ондай болмау керек. Негізі ер кісі әке деген отбасының мүшесі ретінде өзін «көмектесем» деп емес, «мен бірге болам» деп түсінуі керек. Мен, мысалы, өзім көмектесем деп ойламаймын, мен отбасыммен біргемін, мен ішіндемін деген сөз дұрыс болады деп ойлаймын.
Кей елдер бұл мәселені ұлттық деңгейде шешуге көшкен. Мәселен, Ұлыбританияда арнайы бағдарлама іске қосылған. Мұнда әйелдер үшін жүктіліктің 9 айы ғана емес, босанғаннан кейінгі 2 жыл да перзенттік кезең деп есептеледі. Дәл осы уақытта анаға жан-жақты көмек көрсетіледі екен. Қоғам белсенділері елімізде де қолдау тетіктерін күшейту қажет деп есептейді.
ӘЙГЕРІМ ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кез келген әйел бала дүниеге келгеннен кейін 3 ай мен 3 жастың аралығында міндетті түрде бала туудан кейінгі депрессиядан өтеді дейді ғылым. Қазір капиталистік, нарықтық, урбанистік модерн өмір салтында адамдар ішкі жан дүниесіне көбірек үңіле бастады. Яғни экзоәлеуметтік сұрақтарды қоя бастадық. Біз оларды «ана бол» деп, үйде жіпсіз байланып қал деп талап етпеуіміз керек. Яғни көзқарас заман талабымен өзгеріп келеді.
Иә, сәбидің күлкісі шаңыраққа шаттық сыйлайтыны рас. Десе де, ананың ішіндегі жан айқайы үнсіз қалмауы керек. Мамандар осындай ұрымтал сәтте жанынан жақындары табылғаны дұрыс деп есептейді. Әйтпесе күйзеліс асқынып, арты өкінішті жағдайға әкелуі мүмкін екен.