Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасын көру үшін жылына 6 миллион адам Францияға арнайы барады екен. Бұл ішкі туризмнің әлеуетін арттырып, жергілікті бюджетке миллиондаған еуро пайда әкеліп отыр. Тарихи нысанды қаз-қалпында көшіріп, батыстағы ауылдың қақ ортасына орнатқандардың да ойы оңынан туса, пайдаға кенелер күндер алыс емес. Әңгіме Батыс Қазақстан облысының Жалпақталындағы түлектердің тартуы жайлы.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Жалпақталды жаһанға танытқан мұнара бүгінде елді ұйыстыратын мекенге айналған. Күндіз қарасаң айналаға айбын беріп тұрғандай. Ал түндегі көрініс тіптен тамаша. Сұлулығына тіл жетпейтін, туристері маңынан бір кетпейтін сәулет туындысына қаладағы қарашаны айтпағанда, алыс-жақын шетелден келгендер көп екен.
ВЕНЕРА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Атырау қаласынан Ынтымақ мұнарасын көруге арнайылап келдік. Өте керемет. Алғашқы сезім құдды бір Францияда жүргендей сезіндік. Өз басыма ұнады. Эффект – уау.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Әдетте ауыл кеші көңілді дейміз ғой. Бірақ Жалпақталдың кеші тіптен тамаша. Мұнда күнде думан, күнде той. Кеш батса ауыл халқы осы маңға асығады.
ГҮЛНАРА БАЙҒАЛИҚЫЗЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Көңіл күй керемет. Күнде кешкісін біз осы Ынтымақ мұнарасына демалуға келеміз. Біз өте қуаныштымыз. Ел қуанышты. Ауыл қуанышты. Елге сыйлаған түлектерге мың алғысымыз шексіз.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Иә, құрметті көрермен, енді мұнараның айналасында қызық көп. Оның ішінде кәуап сатып жатқан ағалар бар.
ТЕМІРБЕК КЕНЖЕҒАЛИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Сауда жақсы болып жатыр. Мына мұнара салғаннан бері жақсы болды. Жан-жақтан көп келіп жатыр. Күніне 70-80 сым кәуап кетеді ғой.
Мен мұндалаған мұнара тек туризмді дамытып, елді думанға бөлеп қана қойған жоқ. Бүгінде балалардың қиялына қанат бітірген туындыға айналды.
Шын мәнінде бұл нысан шағын ауылды шартарапқа танытты. Түлектердің тартуын көруге Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Түркиядан келіп жатқандар да бар екен.
ЖАНАРБЕК БЕРЕКЕТОВ, МЕКТЕП ТҮЛЕГІ:
Біз өте қуаныштымыз. Халыққа осындай қуаныш сыйлағанымызға. Бұл біздің 2006 жылғы түлектердің елге жасаған сыйы, тартуы ақталды, бір сөзбен айтқанда. Біздер өте ризамыз. Біз ештеңеден қорыққан жоқпыз. Қолымыздан келгенін ауылдастарымызға жасадық. Бұл дүние енді тоқтап қалмауын тілейміз.
Аспанмен тілдескен әр мұнараның өз тарихы бар. Сондықтан «Ынтымақ» тек темір мен бетоннан тұрғызылған құрылыс емес. Ол туған жерге деген махаббаттың жемісі. Өйткені 160 адамның басы бірігіп, иненің көзінен өткендей ізгілікті іс жасады. Бұл жолда қиындық та аз болмаған.
БОЛАТБЕК САРМАНОВ, МЕКТЕП ТҮЛЕГІ:
Қиын десеңіз, әр нәрсесі қиын, шыны керек. Әр болты, әр дәнекері, әр темірдің бір өзіндік қиындығы бар. Жұмыс қызған уақытта жиналады. Біреулер жұмыстарын тастап жатыр. Біреулер еңбек демалысын алып шығып жатыр. Енді бірі сұранып келіп жатыр. Ешкім сенген жоқ. Өзіміз сендік іштей. Бірақ енді өзіміз сенген нәрседен де асып түсіп жатыр.
Түлектердің сенімін сетінетпей, қажырын сарп еткен шебер – Сайранбек Қажиақпар. Ол бұл жоба үшін бір жылын арнаған. Биіктігі 30, ені 11 метр болатын мұнараға 25 тонна темір мен 200 литр бояу кетіпті. Дегенмен, темірден түйін түйген азаматтың біліктілігі болмағанда барлығы бекер еді.
САЙРАНБЕК ҚАЖИАҚПАР, ШЕБЕР:
Бастаған кезде өте үлкен қорқыныш болды. Бірақ енді «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой. Бел шешіп кіріскеннен кейін тоқтаған жоқпыз. Оның бір ақшасына емес, мотивация ол – түлектердің аманаты маған үлкен мотивация болды.
5 мыңнан сәл асатын тұрғыны бар ауылға мұнара тұрғызылғалы шамамен 40 мың турист келген. Сәулет туындысының ішкі туризмге қосқан үлесін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Алайда жергілікті атқамінерлер зәулім құрылыс саябақтың орнына салынса да, әкімдіктің балансына алуға асығар емес.
ҒАДІЛБЕК ӘЛІБЕКОВ, ЖАЛПАҚТАЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Қауіпсіздік жағынан сай келетіні туралы құжаттарымыз бар. Енді қазіргі таңда осы мұнараны заңдастырып, балансқа алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Иесіз мүлік ретінде тіркеп, жерін рәсімдеу керек. 1 жылға дейін әкімшіліктің мойнында. Жауапкершілікті аламыз.
Жалпақталда бұл игі дәстүр 2013 жылы басталған. Содан бері 36 нысан бой көтеріпті. Оның 18-і әкімдіктің қорғауында. Мәселен, былтырғы түлектер 35 миллион теңгеге спорт кешенін салып беріпті. Ал биылғы жобаның құны 50 миллионға жуықтайды. Сол себепті махаббаттың символы саналатын нысанға сын айтушылар да аз болған жоқ.
ЖАНАРБЕК БЕРЕКЕТОВ, МЕКТЕП ТҮЛЕГІ:
Мұндай сындар енді өте көп болды бізде. Жол салынбай ма? Басқа да дүниелер салмай ма? Францияда салынған дүние Қазақстанда не керек дегендей. Бірақ біздер оған мән берген жоқпыз.
Бүгінгі келбетіне қарасаң, Жалпақталды ауыл деп айтуға аузың бармайды. Өйткені елді мекеннің деңгейі одан да жоғары. Тек бір әттеген-ай бар.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Мынау мұнарасымен елге танылған Жалпақталға апарар жалғызаяқ трасса. Трасса дейміз-ау, тас-талқаны шығып, ішек-қарыны ақтарылып жатқан жолдарға жұрт талай жыл тіл безеп келеді. Осыдан кейін жылы кабинеттерде отырып «туризмді дамытамыз» деу әбестік болар.