Еуропаны еркін аралайтын күн жақын. Енді шенген визасын алу жеңілдеуі мүмкін. Брюссельде өткен кездесуде маңызды құжаттарға қол қойылды. Мәселен, инвестициялық серіктестік жетіліп, шикізат, энергетика, көлік, цифрландыру және жаңа технологиялар бойынша байланыс артпақ.
Брюссельдегі кездесулер Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа белеске көтерілгенін көрсетті. Мемлекет басшысы көлік-логистика, авиация, цифрландыру және стратегиялық шикізат салаларын қамтитын бірқатар меморандумға қол қойды. Соның бірі – құны 12 млрд доллардан асатын инвестициялық және коммерциялық келісімдердің жасалуы. Президенттің айтуынша, бұл еуропалық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің айқын көрінісі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан экономикасы орнықтылық көрсетіп, жедел дамып келеді. Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл – Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 15 мың долларды құрады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл ұлттық экономика көлемі 360 миллиард долларға жетеді.
Қазақстан бүгінде Еуропалық Одақтың Азиядағы негізгі серіктесіне айналған. Оған дәлел өткен жылғы көрсеткіш. Яғни, былтыр тараптар арасындағы тауар айналымы 45 млрд доллардан асып, рекорд орнатыпты. Бүгінде елімізде 4 мыңға жуық еуропалық компания жұмыс істейді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды.
Екіжақты кездесуде талқыланған маңызды бағыттардың бірі – стратегиялық минералдар. Қазақстан Еуропалық Одақ үшін аса қажет шикізаттың 21 түрін жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Осы тұста Мемлекет басшысы қазба байлықтарды зерттейтін арнайы орталық құру да жоспарланып отырғанын айтты. Авиациялық келісім негізінде жаңа бағыттарды көбейтіп, визалық режимді жеңілдету де қарастырылды.
АЛЕШКА СИМКИЧ, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:
Біз көлік, логистика және цифрландыру салаларындағы маңызды мәселелердің барлығын талқыладық. Экономикалық ынтымақтастықтың келешегіне де ерекше назар аударылды. Ең бастысы – Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық серіктестіктің жоғары деңгейі сақталып отыр. Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі мәртебесін сақтап келеді.
Еуропалық инвестициялық банк жол инфрақұрылымына 150 млн еуро бөлетін болды. Қазақстан Францияның «Airbus» компаниясынан 50 ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жасыл энергетикаға көшу, білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту бастамаларын қос тарап та құптады. Қорыта айтқанда, Брюссельдегі келіссөздер тек саяси диалогпен шектелмей, нақты экономикалық жобалар мен инвестициялық бастамаларға жол ашты. Ал визалық режимді жеңілдету жөніндегі келісім күшіне енсе, екі ел арасындағы байланыс одан әрі нығая түспек.