Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Брюссель келіссөзінің нәтижесі

Бұл аптаның басты саяси әрі экономикалық оқиғасы – Президенттің Еуропаға сапары болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық Кеңес және Еурокомиссия басшыларымен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың тарихи шыңына жеткенін мәлімдеді. Бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойылды. Сонымен, Мемлекет басшысының сапарынан біз не ұттық? Кәрі құрлық қайдасың деп отырған халық үшін жағымды жаңалық – Шенген визасын алу тәртібі жеңілдеуі мүмкін. Ал экономика үшін – 12 миллиард доллардың жаңа инвестициялық пакеті жасалды. Геосаяси жағдай құбылып тұрған тұста әріптестік сипаты да өзгерді. Мәселен, бұрын Еуропаға біздің мұнайымыз жөнелтілсе, қазір оларға жаңа дәуірдің ресурсы – литий, никель және кобальт аса қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бастамасын ілгерілетуге қашанда ынталы. Өздеріңізге мәлім, еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді.

Яғни Қазақстан Еуропаға жалаң шикізат емес, технология алмасуға негізделген прагматикалық әріптестік ұсынып отыр. Бұл мәселе Еуропаның ірі бизнес өкілдері қатысқан арнайы дөңгелек үстелде және Бельгия Үкімет басшысы Барт де Вевермен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланды. Айта кетейік, Бельгияның өзі соңғы 20 жылда экономикамызға 15 миллиард доллар құйған ірі инвесторлардың бірі. Ал осы сапарда қаралған жалпы құны 12 миллиард доллар болатын жаңа жобалар пакеті – еуропалық бизнестің бізге деген сенімінің айқын дәлелі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың көбі, әсіресе Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Skoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдар бойы сенімді серіктеске айналды. Сонымен бірге біз еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз. Олардың қатарында Roca Group, Inditex, Maersk, DeWulf және Damen Shipyards Group сияқты танымал компаниялар бар.

Бұл сапардың нәтижесі тек ірі бизнестің ғана емес, қатардағы азаматтардың да өміріне оң әсер етеді. Еуроодақпен Шенген визасын жеңілдету жөніндегі келіссөздер мәреге жақындады. Егер бұл құжат күшіне енсе, қазақстандықтар үшін Еуропа елдеріне саяхаттау, оқу және жұмыс бабымен бару тәртібі айтарлықтай жеңілдеп, құжат жинау машақаты азаяды. Аптаның басты саяси оқиғасы осындай.

← Все новости