Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Журналистердің еңбегі ақталды

Осы жексенбі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Кәсіби мереке қарсаңында ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген бір топ әріптесіміз Ақордада Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алды. Ең бастысы, ел жаңалықтарын жұртқа бірінші болып жеткіземін деп жүріп, өздері пәтер жалдап келген алпыстан астам тілшіге баспана кілті табысталды. Сондай-ақ ерен еңбегі еленгендер сапында біздің, яғни «Еуразия» бірінші арнасының да майталмандары бар екенін мақтанышпен айтамыз.

Сөз қадірі – өз қадірім деп білетін журналистер қауымы Қазақстанның жаңа тарихы жазылғанда тасада қалған жоқ. Елдегі өзгерістердің мәні мен өзегін, өзімізге ғана емес, бүкіл әлемге танытып, инемен құдық қазғандай қыруар шаруаның басын қайырып жүр. Әсіресе елдің бас құжаты, Ата заңымыз қабылданғанда ақпараттық майданның алдыңғы шебінен көрінді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті.

Ондай мамандар мемлекет назарынан тыс қалмайды. Шынайы әрі мазмұнды мәлімет таратып, адал қызмет қылғандарды қолдауға дайын. Мәселен, кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау игі дәстүрі биыл да жалғасады. Соңғы үш жылда Астана қаласының өзінде 200 журналист баспаналы болыпты. Енді оның ауқымы кеңейе түспек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әсіресе сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін!

Бұл күні Ақордаға аймақтардан келген сала ардагерлері, сақа мамандар құрметке бөленіп, марапатқа кенелді. Солардың бірі – маңғыстаулық Айсағали Қыдыр. 40 жыл өңірлік газетте тер төккен.

АЙСАҒАЛИ ҚЫДЫР, САЛА АРДАГЕРІ:

«Маңғыстау» газеті осы күнге шейін бар. Бүкіл маңғыстаулықтардың сүйіп оқитын газеті. Кезінде өзім сол газетте тілші болдым. Қазір бүкіл Маңғыстау үшін оның орны ерекше. Бұрын журналистер ауыл аралап жүреді. Ауылдың, еңбекшілердің тынысын жақсы біледі. Сонысымен құнды болды бұл газет. Ал соны осы күнге дейін жалғастырып келе жатқан «Маңғыстау» газетінің тілшілері.

Марапатталғандар қатарында кадр сыртындағы қаһармандар да бар. Тәжірибелі таспагер Жаңабай Ахметовке «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Кеудесінде марапаты жарқыраған күйі салтанатты жиынның соңғы сәтіне дейін камерасының жанынан табылды.

КСМ: Медиа кеңістікте жеке бренді мен заманауи контент жасап, елдің әлеуетін танытып жүргендердің де еңбегі еленді. Бұл күні креативті индустрия жобаларының авторлары ерлі-зайыпты Ернар Аманбек пен Жазира Байдалы Президенттің арнайы грантын тақымға басты.

ЖАЗИРА БАЙДАЛЫ, ЖУРНАЛИСТ:

Бұл марапат тек жеке жетістік емес. Креативті индустрия өкілдеріне және сол креативті контентті таратып жүрген журналистерге көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Креативті индустрия экономиканы ғана емес, елдің имиджін, мәдениетін және зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды сала. Сондықтан біздің шығармашылығымызды бағалап, қолдау көрсеткеніңіз біз үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік.

Кәсіби мереке қарсаңында «Еуразия» бірінші арнасы қызметкерлерінің де еңбегі жоғары бағаланды. Атап айтқанда, ақпараттық-сараптамалық және қоғамдық-саяси бағдарламалар дирекциясының директоры, «Аналитика» жобасының жүргізушісі Альмира Құлмұхамедова «Құрмет» орденімен марапатталса, «Заң мен Ел» бағдарламасының жүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген «Парламент сөзі» сыйлығын қанжығалады. Сондай-ақ Алматыда да бір топ бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері марапатталды. Біздің телеарнаның эфирді жоспарлау және шығару қызметінің директоры Лариса Асхароваға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.

ЛАРИСА АСХАРОВА, «ЕУРАЗИЯ» БІРІНШІ АРНАСЫНЫҢ ЭФИРДІ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ШЫҒАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мен өз арнаммен және командаммен мақтанамын. Біз көптеген жылдар бойы көрермендер үшін қызықты бағдарламалар жасап келеміз. Бұл, бәлкім, ең маңыздысы. Біз бағдарламаларымызды тартымды әрі сүйіспеншілікпен кәсіби түрде жасаймыз.

Бұдан бөлек, «Парламент Онлайн» бағдарламасының тізгіншісі, әріптесіміз Әлібек Рзабаевқа Парламент Сенатының арнайы сыйлығы бұйырды. Ал жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы Ернұр Ақанбай Президент атынан баспана кілтіне ие болды. Осылайша журналистер қауымының ерен еңбегі лайықты бағасын алып, мәртебесі тағы бір асқақтады. Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл қолдау отандық медиа өкілдерін жаңа белестерге қанаттандырары анық.

← Все новости