Отбасы – қоғамның іргетасы, ал оның беріктігі – ел тұрақтылығының басты кепілі. Жаңа Конституцияда неке мен отбасы институтына арналған арнайы баптың енгізілуі осы құндылықтардың мемлекеттік деңгейде қорғалатынын айқындай түсті. Бұл өзгеріс отбасылық саясатты жаңа стратегиялық деңгейге көтеріп, оның маңызын бұрынғыдан да арттырмақ. Сарапшылардың пікірінше, Конституциядағы әрбір норма ең алдымен елдің ұзақ мерзімді дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Демек, отбасы – жай ғана әлеуметтік ұғым емес, мемлекет қамқорлығындағы аса маңызды институт.
ЕРКІН ДҮЙСЕНОВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Конституцияда отбасы мен жастарға қамқорлық көрсету мәселесі нақты бекітілген. Сонымен қатар ғылым мен білімді дамыту мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бұл – өте маңызды қадам. Сондықтан алдағы уақытта жастар саясаты жаңа Конституция талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.