Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Ауыл баласы бесікті шетелге экспорттап отыр

Қазақтың бесігін шетелдіктер көптеп сатып алып жатыр. Ауылда отырып-ақ әлемдік нарыққа жол ашқан жамбылдық жас отбасы ұлттық кәсіпті табысты бизнеске айналдырды. Себебі заманауи үлгіде жаңғыртып, нәрестелерді ортопедиялық матраста тербелетіндей етіп қойыпты. Аядай ғана шеберханада 5 мыңнан астам бұйым жасап шығарған.

Бесік бизнесін бастапқыда жай ғана әуестікпен басталды деген Нұрсұлтан мен Гүлдерей уақыт өте әлемдік нарыққа шыққандарын айтады. Оған әлеуметтік желі айтарлықтай сеп болыпты. Жас отбасы аядай бөлмеде отырып, айналдырған 7 жылдың ішінде 5 мыңнан астам сәби төсегін саудаға салған. Тіпті тұтынушылардың басым бөлігі сырт елден тапсырыс береді дейді.

НҰРСҰЛТАН РАҚЫШ, КӘСІПКЕР:

Біздің тұтынушылар көбінесе шет елден тапсырыс береді. Америка еліне бірнеше рет барды. Түркия еліне барды. Қытай мемлекетіне барды. Жақында Сауд Арабия мемлекетіне кетті. Біздің өнім портативті, мобилді болған себепті олардың қалауларын орындап жатырмыз.

Мемлекеттік грант отбасылық кәсіптің көкжиегін айтарлықтай кеңейткен. Іскер жандар қайтарымсыз ақшаға түрлі тігін машиналарын алып, бесік жасауын жаңаша бағытта жасаған. Онымен қоса аудандағы 30-ға жуық келіншекке тігін тігуді үйреткен.

ГҮЛДЕРАЙ АКБАР, КӘСІПКЕР:

Біз мемлекеттен грант ұтып, 30 шақты келіншекке бесік жасауын тігуді үйреттік. Әлі де үйретіп жатырмыз. Цехымызды үлкейтіп, көптеген техникаларды қосып, жолдасымыз екеуміз кәсібімізді үлкейтіп жатырмыз.

Жақында жас отбасы бесікке арналған ортопедиялық матрас жасауды да қолға алған. Айтуларынша, бұл – баланың дені сау жетілуіне көмектеседі. Сондай-ақ түрлі аурулардың алдын алуға ықпал етеді.

НҰРСҰЛТАН РАҚЫШ, КӘСІПКЕР:

Әлемдік деңгейде балаға арналған ортопедиялық матрастар тігіледі. Бұл баланың ұйқысы тыныш болуына, арқасы, бел омыртқасы қисайып, дисплазия, протрузия деген ауруларға ұшырамау үшін жасалған өнім. Біз сол сегментті өзіміздің қазақи жәдігеріміз, қазақтың мұрасы бесікке арнап тігіп шығамыз.

Салалық басқарманың мәліметінше, 4 жыл ішінде 23 өңір азаматына грант берілген. Қайтарымсыз қаржының көлемі шамамен 100 миллион теңгеге жуықтайды. Биыл да аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қарқын алыпты.

АБЫЛАЙХАН СҰМАҒҰЛ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Шағын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жылда грант бөлеміз. Яғни ол грант 5 миллион теңге көлемінде бөлінеді. Соның ішінде Рақыш Нұрсұлтан мемлекет тарапынан грант ұтып алып, өз кәсібін жалғастырып жатқан білікті мықты кәсіпкер деп айтсақ болады.

Отағасы бесік дизайнын жасап, өнімді тасымалдаумен айналысса, зайыбы оған қажетті жабдықтарды тігеді. Осылайша олар нарықтағы сұранысты заманауи стильде өтеп отыр. Алдағы уақытта жас отбасы кәсіптің көкжиегін одан әрі кеңейтіп, қуықтай бөлмедегі өндірісті үлкен цехта жалғастырмақ.

← Все новости