Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Қараңғы түнекте қалды

Бүгін Түркияның бас қаласы Анкарада НАТО-ның ауқымды саммиті басталады. Маңызды жиынға Дональд Трамп қатысады деген жоспар бар. Бірақ Ақ үй басшысының көңіл-қошы жоқ сияқты. Ал халықаралық қауымдастық көшбасшылары шараның ың-шыңсыз өткенін қалап отыр. Өйткені бұған дейін жабық есік жағдайындағы отырыста Трамп Солтүстік атлантикалық альянс тарапынан мүлде қолдаудың жоқтығына шағымданып үлгерген. Бұл жағдай оның ресми мәлімдемелеріне де әсер ете бастаған сыңайлы. Сондықтан саясаткерлер оның қас-қабағын бағып, аяқтарының ұшымен жүруге мәжбүр.

ҚАРАҢҒЫ ТҮНЕКТЕ ҚАЛДЫ. КУБА

Кариб бассейніндегі қараңғы түнек. АҚШ-тың қарғысына ұшыраған Куба аралы тұтасымен жарықсыз қалды. Алпауыт көршісінің ұшы-қиыры жоқ санкциясына тап болған елдің үкіметі тығырықтан қалай шығарын білмей отыр. Бұл бостандық аралы аумағындағы соңғы 1,5 жылда тіркелген жетінші ірі апат. Куба энергетикалық компаниясының мәліметінше, елдегі ірі жарық желілерінің жұмысынан ақау шыққан. Ал оны толық қалпына келтіру үшін бірнеше апта уақыт керек. Бірақ проблеманың түп-тамыры тереңде жатқанынан барлығы хабардар. Себебі аралға 3 айдан бері бірде-бір баррель мұнай жеткізілмепті. Экономикалық дағдарысқа байланысты жарық жүйесі қазір Кубада тек күн электр станциялары мен жылу электр станцияларының есебінен қамтамасыз етіліп отыр екен.

МҰНАЙДЫ ЖЕҢІЛДІКПЕН САТА БАСТАДЫ. САУД АРАБИЯСЫ

Ал қара алтынға шомылып отырған Сауд Арабиясы шикізат алатын елдерге ауқымды жеңілдік жариялайтын болды. Корольдік билігі шетке жөнелтілетін мұнайдың негізгі сұрыптарының бағасын соңғы ширек ғасырдағы ең төмен деңгейге түсірді. Мәселен Саудиядағы ірі компания тамыз айында өтімді маркасының баррелін 11 долларға дейін төмендетті. Бірақ ауқымды жеңілдік тек Азия елдеріне ғана жасалады екен. Ал сарапшылардың болжамына сүйенсек, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталған бетте аймақта қара алтын тасымалы күрт артып кетуі мүмкін. Осылайша Сары құрлықтағы мұнай өңдеу зауыттарының сұранысынан асып түсуі ықтимал. Айта кету керек, қара алтын маусымнан бастап арзандай бастады. Оған АҚШ пен Иранның келісімге келуі себеп болған.

МАКРОНҒА ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАЛДЫ. СИРИЯ

Франция президенті Эмманюэль Макронның Шам еліне жасаған екінші сапары қайғылы аяқтала жаздады. Саясаткер аялдаған Дамасктегі қонақ үйлердің маңында бомба орнатылған көлік жарылды. Куәгерлердің сөзінше, күтпеген оқиғаның соңы өртке ұласып, аспанды қою түтін басқан. Десе де Макронның әкімшілігі президенттің жағдайы жақсы екенін, ол жоспар бойынша әріптесімен кездесуге аттанғанын хабарлады. Айта кету керек, Франция лидері Сирия президенті Ахмед аш-Шараамен қос ел арасындағы сауда-экономикалық тақырыптар төңірегінде келіссөздер жүргізуге келіпті. Сондай-ақ 48 жастағы лидермен бірге Парижден мүйізі қарағайдай бір топ инвестор да ере келген. Олар азаматтық соғыстан тоз-тозы шыққан Шам елін қалпына келтіргісі келеді.

БАҒАЛЫ ЖӘДІГЕРЛЕР ҰРЛАНДЫ. ФРАНЦИЯ

Францияда тағы да жәдігерлерге қатысты дау шықты. Бұл жолы атақты зергер Рене Лаликтің музейінен бағалы әшекей бұйымдар ұрланды. Қолды болған бағалы заттардың құны орта есеппен 4 млн еуроға бағаланады. Ұрлық таңғы сағат 6-лар шамасында болған. Бетперде киген күдіктілер ғимараттың есігін бұзып, жауһар салынған сөрелерді сындырып, 20-дан астам қымбат заттарды үптеп кеткен. Әрекеттердің барлығы асқан дәлдікпен жасалғанына қарап, тәртіп сақшылары жау алыстан келмеді деп топшылап отыр. Өйткені қылмыскерлер қымбат бұйымдардың тұратын орнына дейін білетін болып шықты.

← Все новости