Құрылтай сайлауы – әділ өтуі керек. Бұл – жаңа Конституциядағы өзгерістердің іс жүзінде орындалуының ең алғашқы кезеңі. Бүгін Елордада алдағы науқанға қатысты жиын өтті. Мұнда сарапшылар Құрылтайдың маңыздылығына тоқталып, жаңа саяси модельдің жұмыс істеу ерекшелігі жөнінде пікір алмасты.
Осы ретте экс-депутат Марат Башимов Құрылтайдың заң шығарудағы рөлі мейлінше артатынын алға тартты. Яғни жұмыс процесі жылдам жүзеге асырылады. Сәйкесінше, заңдарды қабылдау процесі де ұзаққа созылмайды.
МАРАТ БАШИМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Мен өзім Конституциялық заңда Құрылтай туралы жүргізгем. Біз тура жаздық. Ескі Конституцияда ол жай ғана өкілетті орган деп жазылып кеткен. Ал қазіргі Конституцияда заң шығарушы билік. Енді бүкіл Құрылтай ол заң шығарушы билік болғаннан кейін, бүкіл процестердің бәрі содан болуы керек. Ашық процестер қоғамда керек нәрсе, ол позитивті нәрсе деп айтуға болады.
Реформаның басты мақсаты – халық пен билік арасындағы байланысты нығайту және саяси жүйені заман талабына сай жаңғырту. Сарапшылардың пайымынша, Құрылтайды тек партиялық тізімдер арқылы сайлау халықтың билікке деген сенімін арттыра түседі. Сондай-ақ саяси ұйымдар ашық әрі сапалы жұмыс істеуге басымдық бермек.
ӘЛІШЕР САТЫБАЛДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Бізде қазір 3-4 партия Құрылтайға өздерінің тізімдерін берді. Сол тізімнің құрамын қарап шыққанда, бұл сапалы құрамға мән берілгенін қарауға болады. Баяғы Ассамблеяның құрамындағы белсенді азаматтар және жаңадан елдің арасында жүрген басқа этностың өкілдері де сол қатарға, тізімге кіріп жатқанын көріп отырмыз.