Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Су мен жарыққа жарымaғандардың жанайқайы

Алматыға тиіп тұрған Байсерке ауылының жұрты аптап ыстықта сусыз отыр. Кір жуып, шомылу былай тұрсын, бір шәугім шайға суды сатып алады. Одан қалса, жарықтары да сағат сайын сөніп, бүкіл техника істен шықты деп ашулы. Судың да, жарықтың да қожайыны жекеменшік компания болған соң әкімдіктің де ләм деуге қауқары жоқ. Енді сапасыз қызметке жауаптыларды жөнге салатын кім бар?

Аптап ыстықта қара суды сатып ішкен жұрт ашынғаннан жиналды. Әбден кір-қожалақ болудан шаршаған. Бүкіл халыққа жететін ауылда үлкен мұнара бар, бірақ аты ғана. Ішіндегі сорғысы тартпайды. Ел тамшылап аққанына шыдамайды. Оның өзі 3-4 күнде бір келетін көрінеді. Ал сол мардымсыз суға қосылу үшін жекеменшік компания әр отбасыдан 300 мың теңге сұрайды екен.

НҰРӘКІМ САТИЕВ, БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тек қана мына трассаға тартып қойған. Әр отбасы көшіп келе ме, суды үйіне кіргізу үшін басында 250 мыңнан төлеген, биыл 300 мыңнан төлейді. Мотор, насос болған жоқ ол жерде. Жақында ғана жасаған болды. Қойған насосының шамасы жетпейді. Сондықтан сусыз отырғандар бар. 30-40 градус ыстықтарда осы біздің ауылымыз сусыз отырды.

Байсерке ауылы Алматыға тиіп тұр. Инфрақұрылымы дамыған, айналасы өнеркәсіпке толы. Бірақ халық жекеменшік мердігерлердің зардабын тартып отырмыз дейді. Жарықтары да екі күнде бір сөніп, зығырданына тиген. Аяқасты сөнген кезде тоққа жалғанған газ да, су да, бүкіл техника істен шығады. Несиеге алынған талай дүние соның кесірінен қоқысқа кетті деп күйініп отыр.

ӘСЕМ ҚАПСАЛЯМОВА, БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгінгі күнді айтайын, сіздер келеді дегеннің өзінде үш рет өшіп-жанды. Интернет те солай. Қыс уақытында мүмкін емес, отоплениемен отырамыз. Мотормен қосып қойғанбыз. Свет өшті, пешіміз де жарылды, құрыдық. Бір күнде жасалмайды ол. Мотор жарылғаннан кейін пешіңіз кетеді, оның бәрін жасау сұмдық қой, қаншама ақша.

Тіршіліктің көзі су мен жарықты айтпағанда, таза ауаның өзі байсеркеліктерге қымбатқа түсіп тұр. Айналадағы кәсіпорындардың қалдық суы тура ауыл ортасынан ағып өтеді. Оның иісінен не терезе аша алмайды, не сыртқа шығып демала алмайды. Арықтың ағысын өзгертер бір шенді жоқ. Кесірі, балалары шетінен аллергия болып жатыр.

РУСЛАН СӘЛІМОВ, БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Иә, светі дұрыс жанбайды, иә суы дұрыс ақпайды. Мына ауылда кешке жақын сасып күшті болып жатады. Халық дем ала алмайды. Балаларда аллергия бар. Көптеген өндіріс ошақтары бар. Солардан аққан жаман зиянды су жоғары жақтан ағып, арықтың үстімен ауылдың ішімен өтіп, Кіші Алматыға құяды. Мына халықтың бәрі сонымен дем аламыз. Ол туралы біздің Байсерке әкімі де, аудан әкімі біледі, бірақ ешқайсысы бір шара қолданып, халық үшін жүгіргенін көрген жоқпын.

Жарық пен судың қожайындарына хабарласып көрген едік, біреуі де жиналған жұртқа келмеді. Ал шенділер жекеменшік компанияларға тісіміз батпайды дейді. Өзі би, өзі қожа білгенін істеп жатқанын мойындап тұр. Сондықтан жұрт жабыла мердігердің үстінен прокуратураға арыз жазсын дейді.

САМАТ ӘБДІСАМАТОВ, БАЙСЕРКЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтыр, 2025 жылы хат жазғанмын. Осы Әлжанов, Ақберген деген екі кісіге ТП-ны бізге өткізіп беріңіздер деп. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. ТП иелері бізге бермей отырған тағы бір себебі – 200-300 участок бар ғой, әр подключениеге ақша алады, содан айырылғысы келмей бермей отыр. Бізге өткізсе, подключениеге ақша ала алмайды ғой.

Ал қолқаны алатын сасық судың ағысын өзгерту аудан әкімдігінің құзырында. Оның да жобасы бар, тек жасауға бюджетте қаражат жоқ дейді. Ауыл балалары көрші елді мекендегі мектепке қатынап оқиды, білім ошағын тұрғызуға жер дайын, оған да ақша әлі бөлінбепті.

← Все новости