Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 15 просмотров

Мемлекет беретін миллиондар

Кеңседегі қызметтен қажып, біреуге жұмыс істеуді бос әурешілік көріп жүргендердің көбі өз кәсібім болса деп армандайтыны анық. Таңнан кешке дейін тік тұрып, демалыссыз дамыл таппай жүрсем де, жеке бизнестің жөні бөлек дегендерге мемлекеттен жасалып жатқан қолдау жобалары жетерлік. Бұл ретте мемлекеттен берілетін бір реттік грантты айтпай кетуге болмайды. Бірақ оған арнайы талап, бекітілген құжаттар тізімі бар.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Идея бар. Бизнес жоспарыңыз да дайын. Бірақ бастапқы капитал жоқ. Кәсіп бастауға ниетті жандардың алдынан шығатын негізгі мәселе осы. Алайда мұның шешімі бар. Иә, ол мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант. Бұл жай ғана қаражат емес. Азаматтарға арналған кәсіптің кілті!

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Бұл бағдарлама кімдерге арналған? Бір реттік көмекті қалай алуға болады? Рет-ретімен түсіндірейін. Ең алдымен бөлінетін сомаға тоқталайық. Қолдаудың жалпы көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл шамамен 1 миллион 700 мың теңге. Конкурсқа жұмысы жоқтар мен тіркелгеніне 1 жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Бірақ олар әлеуметтік осал топтың біріне жатуы тиіс. Яғни, бұл тізімге мүгедектігі бар жандар, қандастар, қоныс аударушылар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар, иә болмаса асыраушысынан айырылғандар кіреді.

ЖАДЫРА ОРАЗБАЕВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Жалпы, осы жылдан бастап гранттарды беру шарасы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Өңірлермен 13,2 млрд теңге қарастырылған. Бізде 3 республикалық деңгейдегі қала бар, ол — Астана, Шымкент және Алматы қалалары. Сәйкесінше, өз деңгейінде бөледі.

Қай санатқа жататыныңыз белгілі болған соң, келесі кезеңге өтесіз. Ол конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін «Бастау Бизнес» курсы. Сабақ онлайн түрде өтеді. Бұл — кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған жоба. Оның аясында азаматтар бизнес-идеяны әзірлеу, нарықты зерттеу, қаржылық жоспар құру және кәсіпті жүргізу бойынша білім алады.

АРАЙ САМАТҚЫЗЫ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, СЕРВИСТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Барлық облыстардағы аудандарда бізде кәсіпкерге қызмет көрсету орталықтары бар. Сол кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарында бізде ақпараттық-консультациялық қызметтер беріледі. Бізде сервистік қолдау жасайды. Яғни, осы жерде отырған консультанттар грант алу бойынша құжаттарын дайындайды. Санитарлық қызметтер бойынша қандай талаптар болуы керек, лицензия керек пе, осының барлығын алдын ала түсіндіріп айтамыз, кеңес береміз.

Курсты сәтті аяқтап, қолыңызға сертификат алған соң, бизнес-жоспарды жазуға кірісесіз. Ең маңызды кезең де осы. Өйткені, талап бойынша кәсіптің сұранысқа ие болуы айрықша рөл ойнайды.

АРАЙ САМАТҚЫЗЫ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, СЕРВИСТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Жергілікті өніммен өндірілген, ерекшелігі бар, инновация деп айтып жатамыз ғой. Осындай жобалар бізде жақсы өтеді. Екіншіден, халыққа тиімді, әлеуметтік жағынан, қазіргі кезде елімізде қандай салалар дамымаған, туризм саласы бола ма, өңдеуші өнеркәсіп, осы салаларды көп көрсету керек болып жатады.

Енді конкурсқа қатысудың жолдарына тоқталайық. Бірінші, барлық талаптарға сай келетініңізді нақтылайсыз. Сосын business.enbek.kz сайтына тіркелесіз. Әлеуметтік санатқа жататын құжаттарыңыз бен «Бастау Бизнес» курсын оқығаныңыз туралы сертификатты тапсырасыз. Бизнес жобаны енгізесіз. Артынша электрондық цифрлық қолтаңба, яғни ЭЦП арқылы жеке басыңызды растап, өтінімді рәсімдейсіз. Одан кейін жергілікті әкімдікке қарасты «Мансап» орталықтары өтінішті тексеріп, комиссияның қарауына жібереді. Соңғы кезеңде іріктеу тобының алдында жобаңызды қорғайсыз.

ДИНАРА ВАЙСОВА, МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ БОЙЫНША КЕҢЕСШІ:

Комиссия мүшелері неге қарайды? Ең бірінші, ол сіздің ұстанымыңызға қарайды. Екінші нәрсе, ол маңыздылығына қарайды. Одан бөлек, комиссия алдында қорғаған кезінде ең бірінші нәрсе, адам өзіне сенімді болып баруы керек. Шын ниетімен баруы керек. Екінші нәрсе, ол жобаның ауқымдылығын жеткізе білу керек. Яғни, қорғау кезінде жазылған құрал-жабдықтар болуы мүмкін, сол жобаға алынатындығын және есеп берілетіндігін айтып, дұрыстап жеткізген жөн.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша 9200-ден астам адамға бір реттік көмек берілген. Биыл республика бойынша азаматтарға 7600 грант беру жоспарланып отыр екен. Осы жартыжылдықта 3200 үміткер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алған.

Айта кету керек, бөлінген қаражатқа құрал-жабдық я болмаса кеңсені жалдау ақысы төленгенін растайтын түбіртектерді «Мансап» орталықтарына өткізу міндеттеледі. Ал ақшаны тұтынушылық мақсаттарға, несиені өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға болмайды. Ондай жағдай тіркелсе, миллиондарды кері қайтарасыз.

ЖАДЫРА ОРАЗБАЕВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Грантты негізі құрал-жабдықтарды, малдарды, жаңағы көшеттерді сатып алуға және бизнесті жүзеге асыруға қажетті орын-жайды алуға жұмсай алады. Көрсетілген мақсаттардан ауытқу байқалған жағдайда, толық расталмаған жағдайда «Мансап» орталықтары хабарлама жібереді, бюджетке қайтару бойынша бағдарламаны жолдайды. Егер онымен келіспеген жағдайда, заңнамалық тәртіпте сот арқылы қайтарылады.

Бұдан бөлек, шағын кәсіпкерлікке арналған 5 миллион теңгелік гранттар да бар. Мұнда талаптар қатаңырақ. Кәсіпкер нақты әрі әлеуметтік салаға негізделген бизнес-жобасын ұсынуы керек. Және 20 пайыз өз қаражаты болуы тиіс.

ДАНА МАМБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

5 млн теңге қайтарымсыз гранттың 3 талабы бар. Жұмыс орнын құру, осы мемлекеттік қолдау шарасын алатын кезде, алған жағдайда 3 шараны басымдыққа қою керек. Бірінші, ол жұмыс орындарын құру керек, алған соманың кемінде 20 пайызын өз қалтасынан шығару керек, қаржылай немесе жылжымайтын мүлік ретінде 20 пайызын енгізу керек. Және де әлеуметтік бағыттылығы, нақты беріліп жатқан қаражаттың мақсаты, әлеуметтік бағыты, оның артықшылығы өзге де бизнес-жобалардан айқындалады.

Сонымен қатар, бұл грантқа «Бір ауыл — бір өлке» бағдарламасының финалистері де қатыса алады. Өтінім кәсіпкердің тіркелген жері бойынша беріледі. Яғни, бизнес-жоба конкурс өткізілетін өңірде іске асырылуы тиіс. Мұнда жас бойынша шектеулер жоқ.

ДАНА МАМБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

«Бір ауыл — бір өңір» жобасы дейміз, БАБӨ дейді ғой, «Атамекенмен» ұсынылатын қаржылай емес қолдау шараларының финалистері. Ол жерде ол да кәсіпкер, қатысушы болады басында. Өзінің тауарлары бар, қай өңір, сол жерде жәрмеңкесіне шығарып, комиссиядан іріктеу өтіп, ұтып, финалист болуы керек.

Жобаға қатысу туралы өтініш онлайн форматта, «Электрондық үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Конкурс әрбір өңірдің бөлген қаражатына байланысты жылына 1 рет өткізіледі. Ұлттық экономика министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, 2023-2025 жылдары 1401 кәсіпкерге жалпы сомасы 6,4 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Шағын бизнестің басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, білім беру және денсаулық сақтау салаларын қамтиды.

← Все новости