Әйгілі қытайлық жазушы Мо Янь еліміздің «Кітап оқитын ұлт» жобасына қолдау білдірді.
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты бұл бастаманы қоғамның дамуына елеулі үлес қосатын игі әрі ізгі іс деп атады. Осылайша білім мен даналықтың шыңына ұмтылған әрбір кітапсүйер қауымға шабыт тіледі. Айта кетейік, қаламгердің қазақ тіліне аударылған «Сарымсақ жыры» атты романы марафон аясында оқылатын кітаптар тізіміне еніп отыр. Ол биыл жазда ғана Алматы мен Астанада оқырмандарымен жүздесіп, қазақ және қытай прозасындағы ұқсастықтар туралы ой өрбіткен еді.
Мо Янь, Жазушы, Нобель сыйлығының иегері:
Қазақ әдебиеті маған өте жақын әрі қымбат. Өйткені шығармаларыңызда суреттелетін өмірдің көп қыры өзімнің басымнан өткен оқиғалармен үндеседі. Жалпы, кітап оқуға арналған осындай жалпыұлттық марафон ұйымдастырғандарыңыз өте керемет. Кітап әлеміне сапар шегіп, білім мен парасаттың тоғысын іздеген әр жанға шабыт тілеймін.
Маржан Нүсіпбек