65 жастан асқан көлік тізгіншілері алаңдап жүр. Жаңа ережеге сәйкес, енді олар рөлге отыру құқығынан айырылуы мүмкін. Бәрі емес, әрине. Егер денсаулығынан кінәрат табылса, темір тұлпар жүргізу мүмкіндігімен қош айтысады. Бұл талап кейбір жанды тығырыққа тіреп қойғаны рас. Машинасын оталдырып, діттеген жеріне ешкімге жалынбай жетіп жүрген аға-апаларымыздың ендігі күні не болмақ? Жауаптылардың уәжі қандай?
Сабыржан ақсақалдың көлік тізгіндегеніне 70 жылдан асыпты. 89-ға келсе де, бір жаққа барарда бала-шағасына жалынбайды. Машинасына мініп, діттеген жеріне жетеді. Дегенмен жас ұлғайған сайын денсаулықты қадағалап, тиісті медициналық тексеруден уақтылы өту – заң талабы ғана емес, өз қауіпсіздігіңіздің кепілі екенін жеткізді. 2 жыл сайын емес, 6 ай сайын дәрігерлерге қаралуды жөн санайды.
САБЫРЖАН ОТАРБАЙҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазіргі медицинский справка былай береді, последний ноябрьде өткенімде. Вообще осы наркотическиймен бірге 5 қағазды аласың, жеке қағазыңмен өзінің врачыңа келесің, терапевтке келесің и терапевт саған разрешение береді.
Биыл 25 тамыздан күшіне енген заңға сәйкес, соңғы екі жылда дәрігерлік қараудан өтпеген 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілердің куәлігі арнайы рұқсатты алғанша уақытша жарамсыз болып табылады. Көлікті қайта тізгіндеу үшін тек емханадағы жауапты маманның шешімі қажет. Ал шу шығарып, қосымша тексерістен әр жерді жағалап өтудің ешқандай негізі жоқ, деп мәлімдеді министрлік өкілі.
ӘСЕЛ ҚЫДЫРАЛИЕВА, ҚР ДСМ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тек қана бұл жерде айтылатын нәрсе: 2 жыл сайын өткізілетін норма бұрыннан бар норма біздің бұйрықтарда. 10 жылдан аса. Екі жыл сайын егер олар өтіп отырса, Ішкі істер министрлігіне ақпарат түседі автоматты түрде, сондықтан қазір барлығы 6 ай бұрын өткен, 1 жыл бұрын өткен азаматтардың барлығы өтудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Ол біріншіден өзіңіздің, қоғамның қауіпсіздігі.
Дегенмен қоғамда «бұл талаптар азаматтардың құқықтарын шектемей ме?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Мамандар бұл шектеу емес, керісінше заң аясында жасалып жатқан сақтық шарасы екенін атап өтеді. Бұл ретте құқықтық мәселенің мәнісін заңгер былайша тарқатып айтады.
АҚМАРАЛ ПАЛМАХАНОВА, ЗАҢГЕР:
Егер 65 жастан бастап көлік жүргізу құқығынан шектеледі немесе айырылады десе, ол біздің Конституциямызға қатысты қандай да бір қарама-қайшылық заң актілерінің бірі болып танылатын еді. Бұл жерде тек тиісті медициналық қорытындысы бар, яғни жарамды, жарамсыз деп тиісті қорытындылар шыққаннан кейін анықталған тұлғаларға қатысты жасалып жатқан жаңа бағыттағы заң актілері.
Қорыта айтқанда, 65 жастан асқандарға көлік айдауға ешкім тыйым салып жатқан жоқ. Тек денсаулығыңыз сыр бермесе, «анықтамаң түгел» болса, темір тұлпар тізгіндеуіңізге болады. Бастысы, жолда абай болыңыз.