Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 11 просмотров

Оқушылар мектептің дәретханасына кіре алмайды

Ахметжан Есімов оқыған мектеп құлағалы тұр! Ондағы оқушылар әжетін өтеу үшін үйіне барады екен. Қабырғасы сөгіліп, едені опырылған нысан мүлдем санитарлық талаптардан ада. Жарты ғасырлық ғимаратқа маусым сайын тексеріске келген мамандар айыппұл салады, бірақ не жаппайды, не жөндемейді деп азар да безер ата-аналар. Сонда олар нені күтіп отыр?

Мына жарты ғасырдан асқан мектепті сыртынан қарап апатты бір ғимарат дерсіз. Бірақ осы маңдағы түгел бала осында оқиды. Білім ордасының ескіргені сонша, қабырғасы жарылып, төбесі көгеріп, едені әлі ағаш. Әйтеуір мұғалімдер жылда әр жерін бір сылап, амалдап ұстап отыр. Әжетханасы да құдды даладағыдай, иісі жер жаһанды алып жатыр. Сондықтан оқушылар қоңырауды күтіп, қажеті үшін үйіне жүгіреді.

ЗАМИРА ҚАНАҒАТОВА, АТА-АНА:

4 сағат отырады 1-кластар, туалетке бармайды, күтеді. Мұғалімді тыңдай ма? Тезірек звонок болсыншы, үйге бара берейінші деп ойлай ма? Сен неге келе бересің үйге деймін, туалетке бара алмай жатырмын, неге десем, «ой, мама, там невозможно» деп қояды.

Үш қабатты нысан қолданысқа 1964 жылы берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпепті. Құбырлары да орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Кесірі, ұстаздар үш ай сайын толған құдығын сорғызып алады. Парта мен орындықтың мүжілгені сол, оқушылар киімін іліп, денесін тіліп әбігер.

КРИСТИНА РЕЙН, АТА-АНА:

На третьем этаже по всему корпусу идут трещины.

АУДАРМА: Үшінші қабаттың қабырғалары жер сілкінісінен кейін жарылған. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады. Тағы химия, физика пәндеріне арналған кластары ешқандай құрылғымен жабдықталмаған. Ыстық су мүлдем жоқ. Кәріз құбыры мен су құбырлары ескірген. Ғимарат жөндеуге жарамды. Жақсы жерде орналасқан. Тек күрделі жөндеу жұмыстарын талап етіп тұр.

ГҮЛНӘЗИЯ МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Әбден ескірген мектептегі заманауи, соңғы үлгідегі зат осы интерактивті тақта ғана. Оның өзін білім ошағының түлектері сатып әперген. Мың оқушыны жүз ұстаз кезектесіп, таласып оқытады. Жалғыз болған соң, қасқалдақтың қанындай акт залына тығып та қойған.

Білім ошағының оқушылары талай олимпиаданың жүлдегері. Алтын белгі иегерлері. Тіпті кезінде осы мектептен Ахметжан Есімов те түлеген. Қайта Алматыға әкім болған тұсында ол алтын ұясына асхана тұрғызып беріпті. Бірақ онысы бүгінде санитарлық талаптарға сай келмей, тексеріске келген мамандар қайта-қайта айыппұл салып кетеді екен.

ҚАНАТ ҚОҚАНОВ, ПУШКИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Әжетхана дұрыс емес. Енді ол салынған кезде болмаған, кейін салған болу керек. Өйткені 2016 жылы бір жөндеуден өткен, күрделі емес, пластикалық терезе, әжетхана салынған секілді. СЭС, мысалы, рұқсатын беріп жатқан жоқ жұмыс істеуге. Өйткені мектеп стандартқа сай емес деді. Анада ғана сот болып, соттан ұтылып, штрафын төлегенбіз болды.

Ал ғимаратты түгел жөндеуден өткізуге аудандық білім бөлімі 1,5 млрд теңге сұрап, сметалық жобасын дайындап, облысқа жолдаған. Тек қолдау таппай отыр.

ОЛЖАС ӘКЕБЕК, «АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ» ММ-НІҢ ПЕРСПЕКТИВАЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінде құжат Қарасай ауданы білім бөлімінің теңгерімінен Алматы облысы құрылыс басқармасының теңгеріміне өткізіліп, жергілікті бюджеттен қаржыландыруға бюджеттің сұранымы ұсынылған болатын. Алайда қолдау таппады. Жобаны қаржыландыруға қайтадан ұсыным болады. Егер де қолдау табатын болса, орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қаржы бөлінбеген мектепте арнайы кабинеттер атымен жоқ. Ал бұл мәселе оқу жылы басында Үкіметте де қозғалды. Сонда Премьер-министр Алматы өңіріне де сын айтқан еді.

АСТАНА, 18 ТАМЫЗ 2026 ЖЫЛ

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз ету қажет. Жалпы жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек. Бірқатар өңірлер қаржыландыру мәселесін шешу керек. Бірінші кезекте Алматы, Қарағанды, СҚ, Атырау, Ұлытау облыстары аталған мәселеге назар аударыңыздар.

Ата-аналар білім ошағының кем-кетігіне қарамай, балаларын сабаққа жіберуге мәжбүр. Өйткені Қаскелең қаласындағы басқа мектептер оқушыға лық толы.

← Все новости