Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 32 просмотра

Ең үздік IT маманға 45 миллион теңге беріледі

Астанада 45 миллион теңге беріледі! Ең үздік IT маманына осынша көлемдегі қаражат тағайындалған. Сондай-ақ алпауыт компанияның технологиялық ресурсына ие болады! Астанада өткен «HackAlem AI» хакатонының басты жүлдесіне 2500 қатысушы таласқан. Олар түрлі саланы дамытуға бағытталған бағдарламалар әзірледі. Жеңімпаз қашан марапатталады?

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Астанада жасанды интеллект саласындағы ең үздік шешімдерді анықтайтын «HackAlem AI» хакатоны өтуде. Ауқымды шараға әлемнің 21 мемлекетінен келген 2500 IT маманы 200 мың АҚШ доллары жүлде қорын сарапқа салады. Олар 5 сағат ішінде энергетика, білім беру, логистика секілді 10 түрлі бағыт бойынша нейрожелі шешімдерін әзірлеуі тиіс.

Бұл — жай ғана кезекті IT-жарыс емес. Отандық хакатон Гиннестің рекордтар кітабына ең ірі сайыс ретінде кіруді көздеп отыр. Ең бастысы, мұндағы тапсырмалар ойдан алынбаған, олар еліміздегі түрлі салаларда кездесетін нақты түйткілдерді шешуге бағытталған.

ЖАНЕРКЕ ЕГЕУБАЕВА, ASTANA HUB БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл тапсырмаларды компаниялар арасында іздестірдік, сұрастырдық. Тек қана IT саласында емес, басқа да салалардан сұраныстар келіп түсті. Сол сұраныстар арасынан ең қиын деген тапсырмаларды осында қойдық. Кім жақсы жасайды, солардың арасында 200 мың доллар табыс береміз. Оның 100 мың доллары Astana Hub-тан ақшалай болып табылады. Қалған 100 мыңы технологиялық ресурс.

Ұйымдастырушы сөз еткен технологиялық ресурс қатысушыларды қызықтыруда. Себебі жеңімпазға әлемге ChatGPT өнімімен танымал OpenAI мен шетелдік компаниялардың озық технологияларын тегін пайдалану мүмкіндігі берілмек. Бұл жас мамандарға өз жобаларын халықаралық деңгейде дамытуға жол ашады.

ТЕМІРЛАН ДОСМҰХАМЕДОВ, ҚАТЫСУШЫ:

Осы хакатоннан біздер үлкен пайда аламыз деген ойдамыз. Және де түрлі-түрлі адамдармен танысып жатырмыз. Тәжірибелерімізбен алмасып жатырмыз. Бұл хакатон өте маңызды деп санаймын. Әлемдегі ең үлкен хакатондардың бірі болайын деп тұр. OpenAI компаниясы осы хакатонға арнайы өздерінің серіктестіктерін білдірген. Ол біз үшін өте үлкен маңызды.

Елордадағы додаға шетелдік жастар да ерекше ықылас білдірді. Олар осындай бәсекеде бақ сынап, өз идеяларын іске асырғандарына дән риза.

РАХИМ АХМЕД ДРУБА, БАНГЛАДЕШТЕН КЕЛГЕН ҚАТЫСУШЫ:

Әрине, біздің команда жеңіске жетуге барын салады! Мен жалпы хакатондарға үнемі қатысамын. Бірақ мұндай ауқымды сайысқа алғаш рет қатысып отырмын.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі алдағы «AI & Digital Bridge 2026» форумында өтеді. Ал үздік деп танылған ақылды жобалар болашақта отандық өндіріске енгізіледі.

← Все новости