Алматыда дикторлар байқауы мәресіне жетті.
«Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында қазақтың тұңғыш радио дикторы Мина Сейітова атындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Аманжан Еңсебаев, Ардагер диктор, қазылар алқасының төрағасы:
Қазақ руханиятының көш басында тұрған Мина Сейітова сияқты апаларымызға құрмет көрсетіп, байқауға қатысып, өздерінің дауысын жазып отырды. Көп рақмет! Бұл деген қазақ өнеріне деген құрмет! Қазақ поэзиясына, қазақ көркемсөзіне, қазақ тіліне деген құрмет.
Мина Сейітова атындағы байқауға отыздан астам өтініш келіп түскен. Қатысушылар көрнекті жазушы Ғабиден Құлахметтің шығармаларынан екі минуттық мәтінді оқып, аудиофайлмен жолдаған. Қазылар алқасы тыңдаушыға шебер жеткізу мен дауыс көркемдігіне және тіл анықтығына қарай бағалап, жеңімпаздарды анықтаған. Жүлдегерлер арасында мектеп оқушысынан бастап студент, журналист, жоғары оқу орнының оқытушысына дейін бар.
Берікбол Төлеген, Дикторлар байқауының жеңімпазы:
Бәйге болғаннан кейін мықтылар көп болады ғой. Мен үшін қатысудың өзі сынап көру мақсаты болды, бас жүлде алу емес. Лайықты деп танып жатса, рақмет оған.
Ұлан Тәліпбай